Көрермендер әлеуметтік желіде фильмді қызу талқылап жатыр. Бұл жөнінде шығармашылық құрам не дейді? "Нурикамал" әнінің сөзін жазған әйгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының фильм туралы ойы қандай? Infomburo.kz сол кісілерге хабарласып, пікірін сұрап білді.
Көрермен көрмей жатып, сынауға асықпаса екен деймін
Фильмнің режиссері Ернат Байұзақтың айтуынша, "Нурикамалды" түсіру идеясы осыдан екі жыл бұрын туған.
"Осы фильмнің сценариін жазған Қанат Рамазан – менің жақын досым. Өзі "Нурикамал" әнінің тарихын жақсы білемін" деп бұрыннан айтып жүретін еді. "Нурикамалда" Ханбибі апамыздың ақындық, әйелдік тағдыры жатыр. Марқұм Тұрдықылыш ағамыз да өте талантты, ғаламат композитор болған. Бұл жерде бір әдемі әннің тарихы өрілген, оның үстіне мұнда адамның жүрегіне тиетіндей оқиға да бар. Сондықтан өзіміз осы тақырыпты қолға алып, фильм түсіргеніміз дұрыс болар деп шештік. Сценарийді жазбас бұрын Ханбибі апамыздың үйіне барып әңгімелесіп, кейбір сөздерін диктофонға жазып алдық. Апамыздың алдынан өтіп, батасын алдық. Жақында өзі фильмнің Шымкентте болған премьерасына келді. Микрофонды алып, бірден "Тұрдықылыш қайда?" деп, композитордың рөлін ойнаған актер Олжас Дәлелханды қасына шақырып алды. Соған қарағанда, Тұрдықылыштың фильмдегі образы Ханбибі апамызға ұнаған болар деп топшылаймын", – дейді режиссер.
Шығармашылық топ мамыр айында алғаш рет бас қосып, фильмнің сценарийін ойластырған. Маусым айында түсірілім жұмыстары басталып, ол 20 күнге созылыпты. Фильм сахналары Алматы қаласында және Қарасаз жақтағы Тұзкөл деген ауылда түсіріліпті.
Режиссер "фильмді алғаш түсіре бастағанда бұл коммерциялық фильм болады деп жоспарладыңыздар ма?" деген сұрағымызға былайша жауап берді:
"Біз әу баста бұл фильмге коммерциялық жоба деп қарасақ, онда оның желісіне комедия элементтерін көбірек қосар ма едік. Бізге әннің тарихы, жалпы әннің айналасындағы адамдардың тағдыры қызық болды. Фильмнің бюджетін де сізге нақты айта алмаймын, бас-аяғы 150 миллионның о жақ-бұ жағында қаражат жұмсалды ғой деймін. "Нурикамал" – жеке кәсіпкер Жандос Божаевтың қолдауымен түсірілген фильм. Халық киноға ұзынқұлақ арқылы естіп келіп жатыр. Көп адам "Нурикамал" әнінің тарихын бұрыннан біледі екен, енді соны экраннан көруге келіп отыр. Көрермен дәл осындай лирикалық махаббат драмаларын сағынып, шөлдеп қалғаны сезілді. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер арасында "осындай фильмдер көбірек шықса екен" дегендей лебіздерді байқап отырмыз".
Ернат Байұзақ мұндай жанрда бұрын-соңды фильм түсірмегендіктен, "Нурикамал" арқылы өзіне жаңа жанрды ашқанын айтты.
"Нурикамал" фильмі менің жеке дүнием деп айтпаймын, бұл – командалық жұмыс. 6 ай бойы тынбай жұмыс істеп, бір көркем дүние жасауға тырыстық. Әлбетте, біз велосипед ойлап тапқан жоқпыз. Біздің мақсатымыз осындай жанрды қайта жандандыру еді. Әзірге кинотанушы, киногерлер тарапынан фильмге қатысты пікір ести қоймадық. Ал, көрермендердің көбі оң бағасын беріп жатыр. Кейбір көрермен "Нурикамалдың образы дұрыс ашылмаған, жасандылық бар" дейді. Өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Жасандылық болса, нақты қай сөзінде, қай сахнасында екенін ашып айтпай, көбіне тек жалпылама айтылып жатыр. Кей көрермен актерлердің арасындағы диалогтарды сынап жазды. Сын бізді өсіреді, көрермендердің фильмімізді тамашалап, осылай белсенді түрде пікір білдіріп жатқанына өте ризамыз".
Режиссердің фильмді көрмей-білмей сынап жазып жатқан көрерменге де айтары бар екен:
"Қазір біз әлеуметтік желіден фильмге қатысты жылы пікірлерді де, хейтті де көріп отырмыз. Көрермен қандай пікір жазса да, фильмді көріп болған соң ғана жазса екен деген тілегім бар. Көрмей жатып, "бұл – нашар фильм" деп сырттай баға беру жаңсақ секілді.
"Адамның тағдыры адамға қашанда қызық. Бұл фильмде де өзгеге ұқсамайтын бір тағдыр жатыр. Қазір фильмді көрген оқырмандардың бірі Ханбибі апамыздың әрекетін даналық десе, енді бірі мықтылық деп бағалап жатыр. Менің ойымша, бұл – жай ғана бір адамның тағдыры. Сол кезде қандай шешім қабылдаса да, қандай сезімде болса да, оның бәрі Ханбибі апамыздың ішінде қалды. Осы фильм арқылы көрерменнің көкірегіне ой салып жатсақ, онда біздің мақсатымыздың орындалғаны".
"Нурикамал" – таза махаббаттан туған таза ән
"Нурикамал" фильмінің көзі тірі кейіпкері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, "Парасат" орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызын әңгімеге тарттық.
– Ханбибі апай, фильм көңіліңізден шықты ма?
– "Нурикамалдың" Шымкентте өткен премьерасына қатыстым. Жалпы көп фильмдерге қарағанда дұрыс фильм сияқты көрінді. Елдің бәрі тек осы фильмді күтіп отырғандай түрлі пікір білдіріп жатыр. Маған да жан-жақтан телефон соғып жатқандар көп. Көбісі оң пікір айтады. Ал менің айтарым мынау, әр адам бұл фильмді өзінің таным-түсінігіне қарай қабылдайды. Фильмнің бағасын мен емес, халық береді.
Осы фильмді түсірмес бұрын үйіме 3-4 жігіт келіп, рұқсатымды сұрады. "Бұрын қандай фильм түсіргенсіңдер?" деп едім, "Мағжан, Мұқағали туралы түсірдік" деді. Содан мен "классиктерді түсірген киногерлер жаман болмауы керек" деп рұқсатымды бердім. Бірақ, фильмнің сценарийін, мәтінін көргем жоқ. Фильм шыққанда бір-ақ көрдім. Бұл енді деректі фильм емес қой, көркем фильм болғандықтан, жігіттер өздері қосымша кейіпкерлер қосыпты. Ол да дұрыс шығар. Ханбибіні ойнаған актрисаға көңілім толды. Адам өзінің қандай екенін біле бермейді ғой. Мүмкін, өзім де сондай шығармын деп ойлаймын. Бұл актриса қазір көпшіліктен жақсы баға алып жатыр. Демек, көпшілікке ұнаса, өз рөлін дұрыс орындады-ау деп ойлаймын.
– Сіз бұрынырақта бір жерде "Тұрдықылыш Нурикамалға қосылғанда, үшеуміз де бақытты болған болар едік" деген екенсіз.
– Иә, солай айтқаным рас. Нурикамал өте ақылды қыз болды. Бұл еркек деген ерте ме, кеш пе, ұшып кететін құс сияқты нәрсе ғой. Мен соны ақындық жүрегіммен сезген шығармын. "Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады" дейді. Біз алғаш үйленген жылдары жолдасымның осы Шымкенттегі екінші шешесі "аяғына тас байлап ұста" деуші еді. Ол кезде мен сол кісінің айтқан сөзін ұната қоймадым. Қазір сол кісі жолдасымның осындай мінезін біліп айтқан шығар деп ойлаймын. Тұрдықылыш шынымен ғашық болмаса, мен осындай ән жазам ба? Бұл деген төгіліп тұрған сезім ғой. Сондықтан да, "шын ғашық болса, оған ешқандай тоқтам жоқ қой. Үйленсе, үйленсін" деп ойладым. Бірақ, Тұрдықылыш қызға өзі ғашық болып алып, аяғында өзі бас тартты.
Бұл әннің тереңдігін ешкім түсінбей жатыр. Бұл – бір Алланың берген махаббаты. Орысша айтқанда, "платоническая любовь" дер едім. Бұл жерде менен басқа ешкім қиналған жоқ. Композитор да орнында қалды. Кейіпкер де орнында қалды. Әннің сөзін жазып берген мен де өз орнымда отырмын. Сондықтан біздің ешкімге зиянымыз тиген жоқ. Үшеуміз де қалай бармыз, солай қалдық қой. "Нурикамал" – таза махаббаттан туған таза ән. Үш кейіпкердің жанының тазалығынан болар, оның көпке тарап кеткені. Әннің төңірегінде түрлі әңгімелер айтылып жатады. Бірақ, әннің еш жазығы жоқ қой. Кейде "осы кино неге шықты екен, сау басымды саудаға салдым ба?" деп те ойланамын. Бәлкім, кейбір көрермен фильмдегі оқиғаны көзге шөп салу деп қабылдап жатқан шығар. Бірақ, менің жолдасым Нурикамалдың қолынан ұстаған адам емес. Бұл тап-таза махаббаттан туған таза ән болып қана қалды.
– Әйел адамдар сіздің әрекетіңізге қарап, "бұл кісі қалайша кеңдік танытты, қалайша өзінің жолдасын қиып бере салды?" деп жатыр екен.
– "Нурикамал" өте сұлу ән ғой. Сол бір керемет ән күйсандықтан төгіліп жатты. Оның сөзі болмаса, ол мүлде таралмас та еді. Не болмаса, оның сөзін басқа ақын жаза алмас еді. Себебі ол ақын сол махаббаттың куәгері болған жоқ қой. Ал мен композитордың сезімінің куәсі болдым. Оның не ойлағанын, не айтқысы келгенін мен ақын ретінде сезіне білдім. Әйел ретінде қызғанып қалсам, осындай ән туып, халыққа қанат қақпаған болар еді. Сондықтан өзімді жеңдім де, сөзін жазып бердім. Оған өкінбеймін.
– Фильмдегі "ортамызда бір тентек жүре берсін" деген сіздің сөзіңіз бе? Нурикамалға сондай ұсыныс айтқан ба едіңіз?
– Иә, шын өмірде де солай болған. Нурикамалға сондай ұсыныс айттым. Бірақ композитор өзі ғашық болды да, өзі қойды. Бұл ұсыныстан бас тартты. Жалпы, еркек адамдар ақылды әйелді ұнатпайды ғой...
– "Нурикамал" әнінің аты қай жылдары дүркіреп шыға бастады?
– Ән 1988 жылы жарық көрді. Оны біраз әншілер орындады. Бірақ халық әнді Жұбаныш Жексенұлының орындауында жақсы қабылдады. Бұл әнді Жұбаныш көтерді, Жұбанышты ән көтерді дер едім. Осы әннің арқасында Жұбаныш Алматыға келді, халыққа кеңінен таныла бастады. 1991 жылы "Алтынай" әнінің сөзін жаздым. Сол ән әнші Ұлықпан Жолдасовты Алматыға алып келді. Оларға әнді өзім берген жоқпын. Жалпы, "мына әнімді орында" деп ешкімге өтініш жасамаған адаммын. Өздері алды, өздері орындады. Ол кезде қазіргідей ән сату, сөз сату деген болмаған. Енді қазір фильм жарыққа шығып жатыр. Материалдық жағынан ештеңе дәметпедім және шығармашылық команда да маған ондай ұсыныс айтқан жоқ. Жалпы қай уақытта да "менің туындым халыққа тараса болды" деген бір-ақ мақсатым болды, ол орындалды. Жақсы ән халықтың жүрегіне еніп кетеді де, оны қайтадан суырып ала алмайсың ғой.
"Қалайда осы фильмге түсуім керек" деп ойладым
"Нурикамал" фильмінде басты рөлде ойнаған актер Олжас Дәлелхан өзінің Тұрдықылыш рөліне қалай таңдалғанын былайша баяндап берді:
"Мен Тұрдықылыштың рөліне түсірілімге аз уақыт қалған кезде таңдалдым. Соңғы бір жыл көлемінде "Нурикамал" әнін жиі айтып, күйсандықта ойнап жүретінмін. Осы ән өзіме бұрыннан ұнайды. "Нурикамал" фильмін түсіріп жатырмыз" дегенді естіген кезде бұл жаңалық жүрегіме ерекше әсер етті. "Қалай болғанда да, осы фильмге түсуім керек" деген ой келді. Өзім де композитор болғандықтан, композитордың рөлін ойнамағанда, басқа кімді ойнаймын деп ойладым. Менің кейіпкерім Тұрдықылыш Ізтаев туралы ақпарат аз екен. Сондықтан, мен композиторды өз фантазияма ерік беріп ойнап шықтым. Ұрысса да, ар жағында бір жұмсақтығы көрініп тұратын кейіпкерді елестетіп, соны жасап көрдім. Мұндай рөлді ойнауды әрбір актер армандайды деп ойлаймын. Менің кейіпкерім – өмірде болған, жан-жақты тұлға, талантты композитор".
Олжастың айтуынша, Тұрдықылыш рөлінің жауапкершілігі өте жоғары болыпты. "Әннің тарихын бұрын-соңды естімеген адамдар осы фильмге келсе, оқиғаны тура фильмдегідей деп қабылдауы мүмкін. Сол үшін де біз рөлді барынша жақсы алып шығуға тырыстық" дейді актер.
Олжас Дәлелхан "Нурикамал" драмасында басты рөлді ойнап қана қоймай, осы фильмде өзінің композиторлық қырынан да көрінді.
"Түсірілім жұмыстары басталмай тұрып, әр картинаның атмосферасы көрерменге қалай әсер етуі керек, соның бәрін іштей ойланып, жетілдіріп жүрдім. Процесті білгеннен кейін маған бұл фильмге музыка жазу қиын бола қойған жоқ. Музыканы жазғанда мені скрипкашы Маржаннұр Мәкібаева мен виолончель аспабында ойнайтын Дәрия Кенженбаева сүйемелдеді. Екеуі де – Астанадағы Қаллеки театрының музыканттары", – дейді актер.
Актер фильмнің қазір әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқанына қатысты ойын былайша білдірді:
"Желідегі жұрт қазір "Нурикамалды" қызу талқылап жатыр. Ең бастысы, халық бұл фильм әннің тарихы туралы екенін түсінсе деймін. Ханбибі апамыздың көзі тірі, арамызда отыр. Біз түсірілім барысында шындықтан аттап, басы артық детальдарды жапсырмадық. Тек сәл көркемдеуге тырысқанымыз рас. Фильмге Бекетай, Есентай сияқты жиынтық образдарды ғана қостық. Біз үшін маңыздысы – әдемі әннің қалай туғанын халыққа жеткізу".