Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтердің терезесінен құлаған үш жасар бала қаза болды, деп хабарлайды қалалық ТЖД.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Қаратау ауданындағы Нұрсәт шағынауданында болған. 2023 жылы туған бүлдіршін ересектердің қарауынсыз қалып, абайсызда пәтердің терезесінен құлап кеткен. Алған ауыр жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмған.
Ведомствоның дерегінше, биыл Шымкентте балалардың терезеден құлауына байланысты 9 оқиға тіркелген. Соның салдарынан төрт бала қаза тауып, тағы бесеуі түрлі жарақат алған.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.
"Масаға қарсы тор баланы ұстап тұра алмайды. Терезе маңына бала мініп шығатын жиһаздарды қоймаңыздар. Терезелерге арнайы бекіткіштер мен ашылуын шектейтін құрылғылар орнатыңыздар. Сондай-ақ балаларға ашық терезенің қауіпті екенін үнемі ескертіп отыру қажет", – деп ескертті ведомство.