Өңірлік квота алған қандастарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы қандастарға және Қазақстанға қоныс аударушыларға берілетін өңірлік квоталардың санын қоғам талқысына Ашық НҚА порталында ұсынды.
Бұйрық жобасына сәйкес, 2024 жылы:
- қандастарды қабылдауға арналған 2433 (2023 жылы 2287) өңірлік квота;
- қоныс аударушыларды қабылдауға арналған 7050 (2023 жылы 6 592) өңірлік квота беру жоспарланып отыр.
Ескерту: 2023 жылғы көрсеткіштер қыркүйек айындағы түзетулер бойынша беріліп отыр. Жыл басында белгіленген квота саны қандастар үшін 1925, ал қоныс аударушылар үшін 6727 болатын.
Оқи отырыңыз: Квота саны өседі. Биыл тағы 362 қандас Қазақстанға қоныс аудара алады
Еске салайық, "Халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес, қандастарға келесі мемлекеттік қолдау көрсетіледі:
- Бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсету;
- ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсету;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, ҚР Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiн беру;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғау;
- ҚР заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдем беру.