Таиландқа кірудің жаңартылған тәртібі 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Осыған орай, Таиланд билігі 30 күндік визасыз режим енгізілетін 60 ел мен аумақтың тізімін жариялады.
Алайда, бұл тізімде Қазақстан жоқ. Өйткені, Таиланд пен Қазақстан арасында визасыз кіру тәртібі екі ел арасындағы қолданыстағы екіжақты келісім негізінде сақталады. Сәйкесінше, Қазақстан 60 ел мен аумақтың тізіміне енбегенімен, қазақстандықтар екіжақты келісімнің негізінде Таиландқа визасыз 30 күнге бара алады. Таиланд Қазақстаннан бөлек, Қытай, Гонконг, Лаос, Макао, Моңғолия, Ресей, Тимор-Лесте және Вьетнаммен осындай екіжақты келісім жасасқан.
Бұдан бөлек, Таиланд 60 ел мен аумақтың азаматтарына жаңа 30 күндік визасыз режим енгізеді. Ал Маврикий мен Сейшел аралдарының азаматтарына 15 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат беріледі. Әзербайжан, Беларусь және Сербия азаматтары Таиландқа Visa on Arrival тәртібімен кіре алады.
Таиландқа 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін келген шетелдік азаматтарға елге кірген кезде берілген болу мерзімі сақталады. Яғни жаңа ережелер олардың қолданыстағы болу мерзіміне әсер етпейді.
Жаңа талаптарға сәйкес, 15 қыркүйектен бастап Таиландқа сапар жоспарлаған туристер өз азаматтығына байланысты визалық талаптар мен елде болуға рұқсат етілетін мерзімді алдын ала тексеруі қажет.
Қазақстан азаматтары үшін 30 күннен ұзақ уақытқа Таиландта болуды жоспарлаған жағдайда, тиісті виза рәсімдеу қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда сапар мақсаты мен жоспарланған болу мерзіміне қарай Таиландтың электрондық виза жүйесі арқылы өтініш беруге болады.
Сондай-ақ жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін құрлықтағы шекара бекеттері арқылы визасыз кіретін шетелдіктерге, жалпы тәртіп бойынша, бір күнтізбелік жыл ішінде екі рет кіру шегі қолданылады. Бұл шектеу Бруней, Индонезия, Малайзия және Сингапур азаматтарына қатысты емес.
Таиланд елге құрметпен қарамаған шетелдік туристерді бюджет есебінен билет әперіп қайтарады
Таиланд визасыз режимді 30 күнге қысқартты. Қазақстандық туристер енді қайтсе болады