Алматы және Түркістан облыстарында ломбард қызметін жүргізуге құқығы болмаса да, азаматтарға қарыз беріп келген ұйым анықталды. Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз жолмен тапқан табысы 146 миллион теңгеден асқан. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында бұрын ломбард қызметін атқарған «Альби-Ломбард» ЖШС-нің атауын өзгертіп, жұмысын жалғастырғаны анықталған.
Қарызды күніне 2 пайыздық өсіммен берген
Тергеу дерегіне сәйкес, "Альби-Ломбард" ЖШС микроқаржылық қызмет көрсететін ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған. Алайда компания атауын "Альби-КМ" ЖШС деп өзгертіп, азаматтарға қарыз беруді жалғастырған. Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған бұйымдарға жоғары баға ұсынатынын және қарыз алу несие тарихына әсер етпейтінін айтқан.
Тергеу мәліметінше, қарыздар күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген тәулігіне 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден алты еседен астам жоғары.
Қарыз шарттары бұрынғы "Альби-Ломбард" ЖШС-нің мөрі басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы банк шоттары арқылы жүргізілген.
Күдіктінің 21 пәтері мен басқа да мүлкіне тыйым салынды
Тергеу аясында сот санкциясымен күдікті әйелдің мүлкіне тыйым салынған. Олардың қатарында 21 пәтер, бес жер телімі, жеті автокөлік, жеті гараж, екі дүкен және қонақүй бар. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.