Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтарға тиісті талаптарға сай жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Көмек алудың алғашқы қадамы – жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады.
Өтініш берген кезде азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетуі керек.
Жұмыссыздарға қандай қолдау түрлері ұсынылады?
Мансап орталығының мамандары азаматтарға лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер жұмыс табылмаса, белгіленген талаптарға сәйкес азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаларға қатыса алады. Азаматтың кәсіби білімі мен өмірлік жағдайына қарай оған жаңа мамандықты меңгеру, біліктілігін арттыру, "Жастар практикасына" қатысу немесе субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін.
Сонымен қатар кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар бар. Оларға қатысу тиісті бағдарламалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін тағы бір қолдау түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және төлем алуға құқығы бар азаматтарға жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.
2027 жылдан бастап төлем мерзімі қысқарады
Министрліктің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлем мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Ал төлемнің ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Министрлік жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың мақсаты азаматтардың қайтадан жұмысқа орналасуына және тұрақты табыс табуына көмектесу екенін атап өтті.
Кеңес алу үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына жүгінуге болады. Ал бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен жұмыспен қамту саласындағы қызметтер туралы толық ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді.