Таиландтың Паттайя қаласында өткен Thailand Travel Mart Plus халықаралық көрмесі аясында Таиланд туризм басқармасының өкілдері Информбюроның визасыз режимді 60 күннен 30 күнге дейін қысқартуға қатысты сауалына жауап берді.
Басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, ел билігі бұл қадамға қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында барған. Өйткені, 60 күндік визасыз режим енгізілгеннен кейін Таиландқа кеп, заңсыз жұмыс істеп, тәртіп бұзатындар саны өскен.
"Таиландта қашықтан жұмыс істеуді жоспарлайтын шетелдік азаматтарға, оның оның ішінде Қазақстан азаматтарына да, елімізде заңды түрде ұзақ мерзім болу мәселесін жеңілдету үшін Digital Nomad визасын рәсімдеуге кеңес береміз. Қосымша ақпарат алу үшін Астанадағы Таиланд корольдігінің елшілігіне хабарласуға болады", – деді Таиланд туризм басқармасының Еуропа нарығына жауапты өкілі Чиравади Кхунсуб.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, шетелдік туристердің Таиландта болатын уақытының орташа ұзақтығы 9 күнге тең. Сондай-ақ, туристердің 90 пайызы елде 30 күннен артық уақыт болмайды.
"Сондықтан, бұл шешім туризмнің дамуына еш кедергісін келтірмейді, ол тек қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған", – деп жауап берді Чиравади Кхунсуб.
Оқи отырыңыз:
