Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушы мамандарды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Құтқарушы" сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. "Құтқару" – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды", – деді президент.
Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.
"Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта "Ауыл құтқарушылары" бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.
"Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр", – деді мемлекет басшысы.