Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Енді 14 әлеуметтік төлем бойынша азаматтардың материалдық және әлеуметтік жағдайы 59 көрсеткіш негізінде бағаланбақ. Бұл ретте декреттік демалыста отырып жұмыс істейтін аналар бала күтіміне байланысты жәрдемақыдан айырылмайды. Ал жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем мерзімін алты айдан үш айға дейін қысқарту ұсынылып отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы
Министрлік өкілдері соңғы апталарда қоғамда қызу талқыланған әлеуметтік көмек тағайындау мәселесіне түсінік берді. Олардың айтуынша, өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Отбасының әл-ауқаты 59 көрсеткіш бойынша бағаланады
Жаңа тәртіп бойынша отбасының жағдайы алты бағыт бойынша бағаланып, 59 көрсеткіш ескеріледі. Мемлекеттік деректер базасындағы ақпарат арқылы отбасының табысы, мүлкі, көлігі, несиелері мен кәсіпкерлік қызметіне қатысты мәліметтер тексеріледі. Сонымен қатар асырауындағы адамдар саны және отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайы да назарға алынады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, А санатына жататын ауқатты отбасылардың мемлекеттік көмек алу құқығы қайта қаралады.
"Мәселен, А санатындағы отбасы көпбалалы есебінде жәрдемақы алып отыр делік. Олардың адам басына шаққандағы табысы 458 мың теңге. Бұдан бөлек 480 шаршы метрлік үйі және 300 шаршы метрлік пәтері бар. Мұны үй шаруашылығындағы алты адамға бөлсек, әр адамға 130 шаршы метрден келеді. Сондай-ақ 2023 жылғы Bentley автокөлігі бар. Демек, бұл отбасыға мемлекеттік көмек берілмейді", – деді министр.
Министрдің сөзінше, В санатына тұрмысы жақсы отбасылар жатады. Олардың қатарында ірі компаниялардың топ-менеджерлері, білікті мамандар, басшылардың орынбасарлары, бөлімдер мен басқармалар жетекшілері болуы мүмкін.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаевтың айтуынша, есептеу кезінде екі негізгі бағыт ескеріледі.
"Есептеу кезінде екі бағыт ескеріледі. Бірі – отбасының материалдық жағдайы, екіншісі – әлеуметтік жағдайы. Яғни асырауындағы адамдар саны, отбасында мүгедектігі бар азаматтардың, зейнеткерлердің немесе диспансерлік есепте тұрғандардың болуы да назарға алынады", – деді ол.
Қандай жәрдемақылар сақталады?
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, кейбір әлеуметтік төлемдер А және В санатындағы отбасыларға да беріледі. Олардың қатарында мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға және көпбалалы аналарға арналған жәрдемақылар бар. Сондай-ақ декреттік демалыста отырып жұмыс істейтін аналар бала күтіміне байланысты жәрдемақыдан айырылмайды. Әлеуметтік төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді. Ал жұмысынан айырылған азаматтарды қолдау мерзімін алты айдан үш айға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Министрлік мұны азаматтардың еңбек нарығына тезірек оралуына жағдай жасау мақсатымен түсіндіреді.
Бұдан бөлек, азаматтар отбасының қай санатқа жататынын eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасындағы әл-ауқат калькуляторы арқылы өздері тексере алады. Ол үшін жеке басты анықтайтын деректерді енгізу талап етілмейді.
Жаңа тәртіпте отбасының кірісімен қатар шығындары да ескерілмек. Министрлік әлеуметтік көмекті нақты мұқтаждыққа қарай тағайындауды көздейді.