2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстанда Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Осыған орай соңғы жылдары елді дүр сілкіндірген, адам өліміне әкелген ең ірі қайғылы оқиғаларды еске түсіреміз.
Материалдың орыс тіліндегі түпнұсқасын осы жерден оқуға болады.
2024-2025 жылдары Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған жоқ. Осы кезеңдегі ірі төтенше жағдайлар:
2025 жылғы 17 ақпан – Ұлытау облысындағы шахтада тау жыныстары опырылды. Жеті жұмысшы опырылған аумақта қалып қойды. Олардың барлығы қаза тапты.
2024 жылғы 11 қазан – Қостанай облысында жеке тұрғын үйде өрт шығып, кейін құрылыс конструкциялары опырылды. Қайғылы оқиға салдарынан бес бала қаза тапты. Трагедия кезінде балалар үйде жалғыз болған.
2023 жылы Қазақстанда бірнеше рет жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
2023 жылғы 8 маусым – Абай облысында орман өрті басталып, 60 мың гектар аумаққа тарады. Өрт салдарынан «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Новошүлбі филиалының 14 қызметкері қаза тапты. 12 маусымда қаза тапқандарды еске алуға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
2023 жылғы 21 тамыз – Сырдария өзенінің жағасында төрт отбасынан 20 туыс демалып жүрген. Белгісіз себептермен 11 адам, оның ішінде сегіз бала суға батып кетті. Оқиға автомобиль көпірінің маңында, шомылуға рұқсат етілмеген жерде болған.
2023 жылғы 28 қазанға қараған түні – Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, артынан өрт шықты. 46 кенші қаза тауып, тағы 28 адам зардап шекті. 29 қазанда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. 2025 жылғы тамызда іс бойынша 10 адамға сот үкімі шықты.
2023 жылғы 30 қараша – Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт болды. 72 адамның 59-ы ғимараттан өздігінен шыққан, 13 адам қаза тапты. Қаза тапқандарға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған жоқ.
2022 жылғы 10 қаңтар – Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарға байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапты.
2021 жылғы 26 тамыз – Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде жарылыс пен өрт болды. Өрт шамамен сағат 19:00-де оқ-дәрі қоймаларының бірінің маңында басталып, кейін 10-ға жуық жарылыс болған. Қайғылы оқиға салдарынан 18 адам қаза тапты. Олардың 10-ы – азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жетеуі – Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері, біреуі – әскери прокурор. 29 тамыз жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Соттың қорытындысына сәйкес, екі мерзімді әскери қызметші кек алу мақсатында жанар-жағармай сіңген, от қойылған шүберекті оқ-дәрі сақталған қоймаға лақтырған. Бұрынғы сарбаздар бастапқыда тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, кейін апелляциялық сот олардың әрқайсысына тағайындалған жазаны 13 жылға дейін ұзартты. Әскери бөлімнің екі офицері де нақты бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Оқи отырыңыз: