Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ел аумағы 19 облысқа бөлінген еді. 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформалардан кейін олардың саны 14-ке дейін қысқарды. Ал 2022 жылы Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылып, елдегі облыстар саны 17-ге жетті. Қазақстанның әкімшілік картасы бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет өзгерді.
Осы ретте Informburo.kz тілшісі Қазақстандағы облыстардың өзгеру тарихына шолу жасады.
Кеңестік кезең
Қазақстанның қазіргі әкімшілік-аумақтық жүйесі кеңестік кезеңде қалыптасты. 1920 жылғы 26 тамызда РКФСР құрамында "Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы "декрет қабылданды.
1921 жылы Сібір және Орал революциялық комитеттерінің бөлінуінің нәтижесінде қазіргі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарының көп бөлігі Қазақстанға өтті. 1924-25 жылдары Түркістан АССР-інен Қазақстанға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстары енді. Біраз уақыт Қазақстанның құрамында Қарақалпақ автономиялы облысы мен Орынбор губерниясы да болды.
1925 жылы республиканың тарихи атауы қалпына келтіріліп, ол Қазақ автономиялық республикасы деп аталды. 1936 жылы одақтас республика мәртебесін алып, Қазақ КСР-іне айналды. Сол уақытта Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары құрылды. 1938-1939 жылдары Павлодар, Гурьев, Қызылорда, Ақмола және Жамбыл қалалары құрылды.
1930-1940 жылдары Қазақстан аумағында облыстар біртіндеп құрылды. Кейінгі онжылдықтарда да әкімшілік шекаралар өзгеріп отырды. Кеңес дәуірінде Қазақстан аумағындағы облыстық деңгейдегі ең соңғы аумақтық-әкімшілік құрылымдар Көкшетау (1944 жыл), Талды-Қорған (1944 жыл) және Маңғышлақ (1973 жыл) болды. 1973 жылы Жезқазған облысы Қарағанды облысының құрамынан бөлініп шықты.
Осылайша, кеңестік кезеңнің соңына қарай Қазақстанның әкімшілік картасында кейін тәуелсіздік жылдарындағы реформаларға негіз болған облыстар жүйесі қалыптасты.
Тәуелсіз Қазақстан: 19 облыс
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде елде 19 облыс болды. Олардың қатарында Ақтөбе, Алма-Ата, Шығыс Қазақстан, Джамбул, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызыл-орда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Семей, Талды-курган, Торғай, Орал, Целиноград, Гурьев және Шымкент облыстары бар еді. Ел астанасы Алматы қаласы болды.
Кейінгі жылдары бірқатар облыстың атауы өзгертілді. 1992 жылы ҚР Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысы бойынша Орал облысы – Батыс Қазақстан, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақстан, ал Целиноград облысы Ақмола облысы болып өзгерді.
ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының "Қазақстан Республикасы жеке әкімшілік-аумақтық бірлігінің жеке атауларының қайта өзгертілуі және орыс тіліндегі қазақ топонимикаларын ретке келтіру туралы" 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысына сәйкес Джамбул облысы – Жамбыл, Талды-Курган облысы – Талдықорған болып өзгертілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шықты. Облыстарды басқару жүйесін оңтайландыру және жергілікті әкімшілік құрылымды өзгерту бағытында реформалар жүргізілді.
Біріктіру: 14 облыс
1990-жылдардың соңында ел экономикасы өтпелі кезеңнің ауыртпалығын бастан кешіріп жатқандықтан, мемлекеттік басқару аппаратын оңтайландыру және бюджет шығындарын азайту мәселесі алға шықты.
1997 жыл Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы үшін маңызды кезең болды. Сол жылы бірнеше облыс таратылып, олардың аумақтары көршілес облыстарға қосылды.
Президенттің 1997 жылғы 22 сәуірдегі жарлығымен Талдықорған және Торғай облыстары таратылды. 3 мамырдағы жарлықпен Жезқазған, Көкшетау және Семей облыстары таратылды. Ал 23 мамырдағы шешімдермен бірқатар облыстың әкімшілік шекарасы қайта қаралды. Нәтижесінде Талдықорған облысының аумағы Алматы облысына, Торғай облысының аумағы Ақмола және Қостанай облыстарына берілді. Жезқазған облысы Қарағанды облысына, Көкшетау облысы Солтүстік Қазақстан облысына, Семей облысы Шығыс Қазақстан облысына қосылды.
Ауқымды әкімшілік-аумақтық реформадан соң облыстар саны 14-ке дейін қысқарды. Ресми құжаттарда облыстардың аумағын қайта ұйымдастырумен қатар, бұрынғы облыс орталықтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шаралар да қарастырылды.
Алайда бұл өзгерістер кейбір өңірлерде әлеуметтік-экономикалық қиындықтар тудырды. Орталығынан айырылған шалғай аудандар мен моноқалаларда инфрақұрылым тоқырап, халықтың көші-қоны күшейді. Осы олқылықтарды жою мақсатында 1999 жылы Ақмола облысының орталығы Көкшетауға көшірілді. 2001 жылы Талдықорған Алматы облысының орталығына айналды.
Қайта өзгертілген әкімшілік-аумақтық реформалардың салдары әртүрлі болды. Торғай облысының қысқаруы аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатты әсер етті. Жезқазған облысы "Қазақмыс" корпорациясының арқасында бұл үдерістен жеңіл шықты. Семей облысының Шығыс Қазақстанға қосылуы Шығыс Қазақстан облысын дотациялық өңірге айналдырды.
Астана – Қазақстан астанасы
1997 жылғы әкімшілік өзгерістер ел астанасының ауысуымен тұспа-тұс келді. 1997 жылғы 20 қазанда Ақмола қаласын Қазақстанның астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойылды. Сол жылы мемлекеттік органдарды жаңа астанаға көшіру басталды. 8 қарашада ҚР мемлекеттік рәміздері мен президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 3 желтоқсанда ҚР премьер-министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда президент Ақмолаға ресми түрде аттанды.
1998 жылғы 6 мамырда президент жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылы 10 маусымда қаланың Қазақстанның жаңа астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері өтті. Осылайша Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісінде екі республикалық маңызы бар қала мен 14 облыс болды.
2019 жылы астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. 2022 жылы оған Астана атауы қайта берілді.
Шымкент – үшінші мегаполис
2018 жылы мамыр айында Шымкент қаласының тұрғындарының саны миллионға жетіп, республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Қала Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан шығарылды. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы болып өзгертіліп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді.
Осы өзгерістен кейін Қазақстанда 14 облыс және республикалық маңызы бар үш қала – Астана, Алматы және Шымкент болды.
Бұл шешім қаланың әкімшілік мәртебесін облыстан бөлек деңгейге көтеріп, Түркістан облысының басқару орталығын басқа қалаға ауыстырды.
Жаңадан үш облыс құрылды
Уақыт өте келе аймақтарды басқару тиімділігін арттыру, шалғай өңірлердің әлеуетін көтеру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі күн тәртібіне қайта шықты.
2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын қайта қарауды ұсынды. Жолдауда үш жаңа облыс құру бастамасы көтерілді.
2022 жылғы 3 мамырда жаңа облыстарды құруға қатысты президент жарлықтары қабылданып, олар 8 маусымнан бастап күшіне енді. Нәтижесінде:
- Абай облысы Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігінен құрылды. Әкімшілік орталығы – Семей қаласы;
- Жетісу облысы бұрынғы Алматы облысының бір бөлігінен құрылды. Әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы;
- Ұлытау облысы Қарағанды облысының бір бөлігінен құрылды. Әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы.
Сонымен қатар Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғаннан Қонаев қаласына көшірілді.
Осы өзгерістердің нәтижесінде Қазақстандағы облыстар саны 17-ге жетті. Бұрын облыс орталығы болған Семей мен Жезқазған қайтадан өңірлік әкімшілік орталық мәртебесін алды.
Қазақстанның қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлінісі
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерегі бойынша, Қазақстанда 17 облыс, 195 аудан және 90 қала бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар үш қала – Астана, Алматы және Шымкент. Кенттер – 29, ауылдық округтер – 2 157, ауылдар – 6 096.
Республика бойынша ең көп аудандар саны – Ақмола облысында, ал облыстық маңызы бар қалалар мен кенттік әкім аппараттары – Қарағанды облысында. Ақмола және Қостанай облыстарында ауылдық әкім аппараттары көп болса, ауылдық елді мекендердің саны Түркістан облысында көп.