Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда сайты.
Жарлыққа сәйкес Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшіріледі. Сонымен бірге келесі үш облыс құрылады:
- Абай облысы, әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Оның құрамына Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары өтеді.
- Жетісу облысы, әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы. Оның құрамына Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары өтеді.
- Ұлытау облысы, әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы. Оның құрамына Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары өтеді.
Оқи отырыңыз: 19 – 14 – 17. Қазақстан облыстарының тарихына шолу
Алматы облысының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағынысты мекемелерi Қонаев қаласына көшірілгенге дейiн Талдықорған қаласында орналасады.
Үкімет Жоғарғы Сот, Жоғары Сот Кеңесі, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітеді.
Орталық мемлекеттік органдар, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.