Тікелей эфир

Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы іске қосылды

Картада жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алуға болады.

Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. 

Карта Smart Data Ukimet аналитикалық жүйесімен интеграцияланған, ол жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және тағы басқа сияқты әртүрлі ақпарат қамтылған.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде картада Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.


Оқи отырыңыз: ЕGov порталында декларация тапсырудың жаңа сервисі іске қосылды


Отбасының цифрлық картасы 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылған болатын. Апробация кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін барлығы 56,9 мың SMS-хабарлама жіберіліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа қолдау шаралары көрсетілді.

Қазіргі таңда Отбасының цифрлық картасында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі берілген: 

  • жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; 
  • бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; 
  • жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; 
  • асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; 
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақылар; 
  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар; 
  • "Күміс алқа" немесе "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар; 
  • атаулы әлеуметтік көмек. 

Сондай-ақ, азаматтарға ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі.

2023 жылы әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылмақ. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары