Тікелей эфир

Қазақ тілінде алғаш рет MBA бағдарламасы ашылды

Бағдарламаның мақсаты – бизнестегі көшбасшыларды дайындау.

Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті (UIB) Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығымен бірге Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде оқытатын MBA (Master of Business administration) бағдарламасының тұсауын кесті. 

"Біздің мақсатымыз – қазақ тілді іскерлік ортаны қалыптастыру. Қандай бизнес форумға қатыссақ та, орысша өтеді. Заман өзгеріп, оның талаптары да, сұранысы да қазақ тілді MBA бағдарламаны қажет етіп отыр. Damu Business Group кәсіпкерлер қауымдастығынан "неге біз кадрларды жүйелі түрде дайындамаймыз?" деген ұсыныс келіп түсті. Бізге алмағайып заманда кризисті басқарып, оған қарсы төтеп беретін, нақты ұтымды шешімдер ұсына алатын мықты менеджерлер керек. Олар қаржыны есептеп, бухгалтерлік есепті жүргізе алуы керек. Қызметкерлерді басқарып, команда құрып, көшбасшы болуы қажет. Осы талаптарды ескеріп оқу бағдаралмасын әзірледік", – деді Мақсат Халық.

MBA риск-менеджмент, қаржыны басқару, бизнесті және инвестициялық жобаларды бағалау секілді негізгі пәндерді қамтиды. Гарвард университетінде тағылымдамадан өткен, Ұлыбританияның мықты оқу орындарында магистратура тәмамдап бизнестің әдістемесін зерттеп келген оқытушылар сабақ береді.


Оқи отырыңыз: Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын 5 жаңа мектеп ашылды


UIB ректоры Анар Махметованың сөзінше, Қазақстан білім нарығында бизнес бағдарлама 1998 жылдан бастап пайда болған. Бағдаралманың мемлекеттік стандарты болмағандықтан алғашқы кезде университеттерде эксперименталды түрде өткізілген. UIB ұжымы 2000-2002 жылдары әзірленген мемлекеттік стандарт авторларының бірі. 

"Қазақ тілінде бизнес менеджерлікті оқытуды мақсат еттік. Әлемдік стандарттағы бизнес оқулықтар ана тілімізде жазылуы керек. Елімізде ана тілімізде білім алған бизнес менеджерлерге сұраныс жоғары. Қазіргі заманда өз салаңның маманы болып қана қоймай көшбасшы бола білу қажет. Өзім де бизнес өкілдерімен бірге студент болып, бір жарым жылдай MBA оқимын", – деді бизнесмен Сырымбек Тау.

MBA бағдаралмасына түсем деушілер екі емтихан тапсырады. Біріншісі – стандартты түрде ағылшын тілін меңгеру деңгейі, екіншісі – сұхбаттасу.

Оқу ақысы бағдарлама түріне байланысты. Қазақ тілді МВА болған соң жеңілдік жасалуы мүмкін.

Бұл бағдарламаға түсу үшін талапкердің бакалавр акедемиялық дәрежесі болу керек. Екіншіден еңбек нарқында жұмыс істеп кемінде 2 жылдық еңбек өтілі болуы қажет. Ал Executive MBA бағдарламасына топ менеджерлер, кәсібі бар азаматтар қабылданады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары