Астана қаласының әкімшілік соты inDrive арқылы такси қызметін көрсеткен жүргізушіні 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Ол көлікке отырған бойжеткенге әдепсіз әрекет көрсетіп, интимдік сипаттағы ұсыныс жасаған. Бұл туралы Астана соттарының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 11 қазанда таңғы сағат 07:00 шамасында болған. Бойжеткен inDrive қосымшасы арқылы такси шақырған. Оған келген жүргізуші жолаушыға қатысты әдепсіз әрекеттер жасап, интимдік сипаттағы ұсыныстар айтқан.
"Осылайша, ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған", – деп хабарлады Астана соттары.
Іс 13 қазанда қаралды. Сот отырысында жүргізуші кінәсін мойындаған. Соттың мәліметінше, ол бұған дейін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке тартылмаған.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот жүргізушіге 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.