Қазақстанда мейрамханада тамақтану құны бір жылда 8,3%-ға өскен. Numbeo агенттігінің мәліметінше, еліміздегі орташа санаттағы мейрамханада екі адамға кешкі ас ішу үшін шамамен 18 мың теңге қажет. Бұл Жапония мен Қытайдағы көрсеткіштен жоғары, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы
Қазақстандықтар мейрамхана мен кафеге барғанда бағаның өскенін байқап отыр. Әсіресе, отбасымен бірге тамақтану шығыны артқандықтан, кей тұрғындар сырттан тамақтануды сиретуге мәжбүр. Мәселен, комбо түскі астың бағасы 3390 теңге. Оның құрамына кеспе, тауық еті, салат, нан және сусын кіреді. Қазақстанның кейбір өңірлерінде бір адамға арналған түскі ас бағасы 3500-4000 теңгеден басталады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл мейрамханадағы баға 8,3%-ға өскен. Кәсіпкерлер мұны азық-түлік құнының қымбаттауымен және салықтық шығындардың артуымен байланыстырады.
Кәсіпкер Шырайлым Өмірбекқызының айтуынша, мекемелер тағамның сапасын сақтай отырып, бағаны тұтынушыларға қолжетімді етуге тырысады.
Numbeo агенттігінің дерегіне сәйкес, Қазақстандағы орташа санаттағы мейрамханада екі адамға кешкі ас ішу шамамен 18 мың теңге тұрады. Ал Жапонияда бұл көрсеткіш 14 мың теңге, Қытайда 10 мың теңге шамасында.
Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстандағы мейрамхана бағасы Қазақстанмен салыстырғанда төмен екені айтылған. Азық-түлік пен қызмет көрсету шығындарының өсуі қоғамдық тамақтану орындарындағы бағаға әсер етіп отыр. Соның салдарынан тұрғындардың кафелер мен мейрамханаларда тамақтануға жұмсайтын шығыны артып келеді.