Жеке арманнан – ел игілігіне: Нұрасыл Медеу Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке сыйға тартты

Фото: Қазақ ұлттық спорт университетінің баспасөз қызметі
Фото: Қазақ ұлттық спорт университетінің баспасөз қызметі
KNUS-тың негізін қалаған Нұрасыл Медеу өзі құрып, бес жыл бойы дамытқан университетті мемлекетке өтеусіз негізде сыйлады.

Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) салтанатты іс-шара өтіп, оқу орнының негізін қалаушы Нұрасыл Медеу университетті Қазақстанға сыйға тарту туралы шешімін жариялады. Бұл шешім білім беру мекемесін сатуды немесе коммерциялық мәміле жасауды көздемейді, бұл – мемлекетке өз еркімен әрі өтеусіз жасалған сый.

KNUS тарихы 2021 жылы небәрі 150 студент білім алған шағын академиядан басталды. Бес жыл ішінде оқу орны толыққанды университетке айналды. Бүгінде мұнда 5 мыңға жуық адам білім алып жатыр.

Осы уақыт аралығында университет білім беру бағдарламаларын едәуір кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты жолға қойды. Сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитетінің, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің және басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірқатар жобаны жүзеге асырды. Бұдан бөлек, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен қос диплом бағдарламалары іске қосылды.

Нұрасыл Медеудің қызметінде дарынды жастарды қолдауға ерекше мән берілді. Оның бастамасымен Life Chance Grant және Merit Grant білім беру гранттары тағайындалды. Соның арқасында Қазақстанның ауылдық және шалғай өңірлерінен шыққан студенттерді қоса алғанда, жастарға университетте тегін білім алуға мүмкіндік берілді.

KNUS жұмысының нәтижесі үлкен спортта да көрініс тапты. Университет негізін қалаушының айтуынша, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан атынан сынға түскен университеттің 17 студентінің 14-і жүлдегер атанған.

Фото: Қазақ ұлттық спорт университетінің баспасөз қызметі

Алайда салтанатты іс-шараның басты жаңалығы – Нұрасыл Медеудің өзі құрған университетті мемлекетке сыйға тарту туралы шешімі болды.

"Бұл – сату, сенімгерлік басқаруға беру және мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасаған өтеусіз сыйым", – деп атап өтті Нұрасыл Медеу.

Бұл шешім Қазақстан үшін ерекше мысал деуге болады. Өйткені нөлден бастап құрылған, өзіндік инфрақұрылымы, оқытушылар құрамы, халықаралық байланыстары және мыңдаған студенті бар жекеменшік білім беру мекемесі ел игілігіне берілмек.

Сонымен бірге университет студенттер алдындағы бұрын қабылданған барлық міндеттемесін сақтайды. Атап айтқанда, ішкі білім беру гранттарын қаржыландыру жалғасады. Нұрасыл Медеудің айтуынша, бұл мақсатқа қажетті қаражат университеттің есепшотында бар, ал тиісті кепілдіктер заң жүзінде бекітіледі. 

Фото: Қазақ ұлттық спорт университетінің баспасөз қызметі

Іс-шара барысында университеттің дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлер де марапатталды. Студенттерге білім беру гранттарының сертификаттары табысталды. Мерекелік бағдарлама аясында KNUS студенттері өнер көрсетті.

"Біз жасаған дүниенің бәрі жастарымызға, спортымызға және елімізге қызмет етуі керек", – деді Нұрасыл Медеу.

Өзі құрған университетті Қазақстанға сыйға тарту арқылы Нұрасыл Медеу жекеменшік бастаманың кәсіпкерлік шеңберінен шығып, тұтас елдің болашағына қосылған үлеске айнала алатынын көрсетті.

Енді университет жаңа мәртебеде дамуын жалғастырып, өзінің негізгі миссиясын – білікті мамандар даярлау, спорт ғылымын дамыту және Қазақстанның дарынды жастарына жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау