Қазақстанда 200-ден астам азамат жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартты

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді. Енді тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, eGov Mobile қосымшасы арқылы төлемдерден онлайн бас тарта алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы өңірлерді аралап, аумақтық департаменттер базасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар азаматтардың туындауы мүмкін сұрақтарына жауап беріп, кеңес берді. Қазір министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылған үй шаруашылықтарына қосымша тексеріс жүргізіп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, азаматтарға SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам адам әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақы алудан бас тартуға ниетті екенін білдірген.

"Осы бағытта министрлік eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Үкімет басшысы министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктерді "Отбасының цифрлық картасына" қосуды жеделдетуді тапсырды. Әлеуметтік қолдау шараларына өтініш қабылдау және оларды тағайындау функциясы Бірыңғай цифрлық платформада биыл маусым айында іске қосылған. Содан бері платформа арқылы жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түскен.

Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға өтініштер қаралып, мақұлданған. Қазіргі уақытта платформа "Отбасының цифрлық картасымен" интеграцияланып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау