Қазақстанда алимент төлеуден жалтарып, іздеуде жүрген 1,5 мыңнан астам азаматтың тізімі арнайы сайтта жарияланды. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының Qamqor.gov.kz порталында олардың аты-жөні, туған жылы мен фотосы көрсетілген. Кейбір борышкерлер бірнеше жылдан бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Алимент төлеуден жалтарған азаматтарды іздеу мерзімі әртүрлі. Ашық деректерге сәйкес, кейбір адамдарды іздеу 1 924 күнге, ал тағы бір борышкерді іздеу 1 172 күнге созылған. Алимент төлеуден жалтарған кейбір азаматтар нақты табысын жасыру үшін ресми құжаттарда ең төменгі жалақыны көрсетеді. Мәселен, жеке кәсіп ашып немесе танысының компаниясына жұмысқа орналасып, табысын қағаз жүзінде азайтуы мүмкін. Соның салдарынан алимент мөлшері ресми көрсетілген жалақыға қарай есептеледі.
Заңгер Сағи Ораздың айтуынша, кейбір борышкерлер құжат жүзінде 85 мың теңге жалақы алатынын көрсеткенімен, іс жүзінде басқа жерде 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табуы ықтимал.
"Көп жағдайда алимент төлеуден жалтарғандар 85 мың теңге жалақы алатынын көрсетеді. Бірақ басқа фирмаларда 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Бұл жерде сот орындаушысы мен алимент талап етіп отырған азамат оның нақты табысын дәлелдей алса, тұрмыстық жағдайына да назар аударуға болады", – дейді заңгер.
Оның сөзінше, борышкердің қымбат киімі, көлігі немесе тұрып жатқан үйі болса, заң аясында тиісті өтініш беріп, мүлкін бағалатуға мүмкіндік бар. Сондықтан алимент өндіру кезінде азаматтың ресми жалақысымен шектелмей, өзге кірістерін де тексеру маңызды.
Баласын асырауға міндетті азамат алимент төлеуден қасақана жалтарған жағдайда заң алдында жауап береді. Мұндай әрекет үшін әкімшілік, ал тиісті негіздер болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Алимент бойынша берешегі бар және іздеуде жүрген азаматтар туралы мәліметтер Qamqor.gov.kz порталында жарияланған. Борышкерлердің нақты табысын анықтау мен олардың мүлкін тексеру алимент өндіру жұмысының маңызды бөлігі саналады.