Антарктидадағы теңіз мұздарының еруі рекордты көрсеткішке жетті

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
14 қыркүйекте мұздың жалпы көлемі шамамен 17,59 миллион шаршы шақырымды ғана құраған.

2026 жылы Антарктидадағы теңіз мұзының қысқы ең жоғары көлемі спутниктік бақылау тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің үштігіне енді. Ғалымдар мұны құрлықтың мұз жамылғысында ұзақ мерзімді өзгеріс басталғанының белгісі болуы мүмкін деп қарастырып отыр. Бұл туралы Sciencedaily.com жазды. 

2026 жылғы қыркүйекте Антарктиданы қоршаған теңіз мұзы жылдық ең жоғары деңгейіне жетті. Алайда мұз басқан аумақ спутниктік бақылау басталғалы тіркелген көрсеткіштермен салыстырғанда өте аз болды. АҚШ-тың NASA агенттігі мен Ұлттық қар және мұз деректері орталығының (NSIDC) мәліметінше, 14 қыркүйекте мұздың жалпы көлемі шамамен 17,59 миллион шаршы шақырымға жеткен. Бұл – бақылау тарихындағы үшінші ең төмен қысқы максимум.

Антарктида мұзын зерттеу Арктикадағы өзгерістерден ерекшеленеді. Антарктиданы мұхит қоршап жатқандықтан, оңтүстік жартышардың қысында теңіз мұзы үлкен аумаққа таралады. Ал Арктикада мұхитты құрлық қоршап жатыр. 

Антарктидадағы мұз қыркүйекте ең үлкен аумақты қамтиды, ал ақпанда жазғы минимумға дейін азаяды. Қыста мұздың кеңеюі оны жылырақ ендіктерге дейін жеткізеді. Соның салдарынан жаз мезгілінде еру ықтималдығы артады.

1979-2014 жылдар аралығында Антарктиданы қоршаған теңіз мұзының аумағы әр онжылдықта шамамен 1%-ға ұлғайған. Бұл көрсеткіш Арктикадағы мұздың азаю үрдісіне қарама-қайшы болды. Әсіресе 2012-2014 жылдары Антарктидада қысқы мұз көлемі қатарынан үш жыл бойы рекордтық деңгейге жетті. Алайда 2015 жылы бұл үрдіс тоқтап, 2016 жылдан бастап теңіз мұзының аумағы едәуір қысқарды. Кей жылдары аздап қалпына келу байқалғанымен, мұз көлемі жалпы алғанда тарихи орташа көрсеткіштен төмен қалып отыр.

2023 жылы Антарктидада спутниктік бақылау басталғалы жазғы мұздың ең төменгі деңгейі де, қысқы ең жоғары деңгейі де тіркелді. Ал 2026 жылғы көрсеткіш мұздың азаюына қатысты алаңдаушылықты күшейте түсті. Дегенмен ғалымдар бұл өзгерістердің ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін немесе табиғи ауытқулар аясында болып жатқанын әзірге нақты айта алмайды. Мұны анықтау үшін мұз көлемін жыл сайын бақылау қажет.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау