Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Ұлттық құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын құрудың орындылығын анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Құрылтай депутаттарына берген жауабында айтылған.
Оның мәліметінше, қазіргі кезде құс шаруашылығы саласындағы зерттеулер Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті базасында жүргізілуде. Соңғы бес жылда құс шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізуге шамамен 540 млн теңге бөлінген.
"Нәтижесінде селекциялық әзірлемелер алынды, құс шаруашылығы технологияларын жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындалды, сондай-ақ қазіргі уақытта сынақтан өтіп жатқан жабдықтың эксперименттік үлгілері жасалды. Атап өту керек, құс шаруашылығы орталығын құру бойынша ұсыныс өзекті, саланың одан әрі дамуы отандық селекцияны ілгерілету және ғылыми әзірлемелерді енгізуді қоса алғанда, ғылыми зерттеулерге кешенді тәсілді зерделеуді қажет етеді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын құрудың орындылығын айқындау үшін жұмыс тобын құрды", – деді Олжас Бектенов.
Жұмыс тобына Құрылтай депутаты, "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ, Республикалық құс шаруашылығы палатасы, Қазақстан құс өсірушілер одағы, "Қазақ ұлттықаграрлық зерттеу университеті" КеАҚ және "Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС өкілдері кірген.
“Жұмыс тобы ғылыми және кадрлық әлеуетке, саланың сұранысына және жұмыс істеп тұрған ғылыми ұйымдардың мүмкіндіктеріне талдау жүргізетін болады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша басым ғылыми міндеттерді, ұйымдастырушылық жағдайларды және қаржыландыру көздерін ескере отырып, орталықты құрудың орындылығы туралы ұстаным қалыптастырылады", – делінген ресми жауапта.
Қытайдан заңсыз әкелінген тауық еті көбейіп барады: құс өсірушілер дабыл қақты
Иран ғалымдары құс қауырcынынан ақуызды жем әзірлейтін әдісті тапты