АҚШ-тағы Орегон денсаулық және ғылым университетінің (OHSU) зерттеушілері түнде тамақтану әдеті мен бауыр ауруларының арасындағы байланысты анықтады. Ғалымдар 200 мыңға жуық адамның деректерін талдап, кешкі астан кейін немесе ұйықтар алдында үнемі тамақтанатын адамдарда бауыр ауруларының қаупі 20-30%-ға жоғары болуы мүмкін екенін анықтаған.
Clinical Gastroenterology and Hepatology ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл байланыс метаболизмдік бұзылыстармен байланысты бауырдың майлы ауруы және бауыр циррозы сияқты дерттерге қатысты байқалған. Цирроз кезінде бауыр тіндері зақымданып, тыртықтанады.
Зерттеу авторларының айтуынша, бауыр саулығына тұтынылатын тағамның құрамы ғана емес, оны қай уақытта жейтіні де әсер етуі мүмкін.
Алайда зерттеу бақылау сипатында жүргізілген. Яғни ғалымдар тамақтану уақыты мен аурулардың арасындағы байланысты анықтағанымен, кешкі уақытта тамақтануды тоқтату бауыр ауруларының алдын алатынын дәлелдеген жоқ. Сонымен қатар зерттеу қатысушылары тамақтану әдеттері туралы мәліметтерді өздері берген, ал тамақтану уақыты нақты емес, жалпы сипаттамалар арқылы бағаланған.
"Сондықтан бауыр ауруларына басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Тамақтану уақытын өзгерту бауыр саулығын жақсартатынын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет", – дейді ғалымдар.
Қазір OHSU зерттеушісі Уайлечански осы мәселені тереңірек зерттеуге арналған клиникалық зерттеуге қатысып жатыр. Ғалымдар бауырдың майлы ауруы бар адамдардың тамақтану уақытын тікелей бақылап, тамақты ертерек ішу денсаулық көрсеткіштеріне әсер ете ме деген сұраққа жауап іздемек.
Зерттеу нәтижелері тамақтану уақытын өзгерту метаболизм мен бауыр саулығын жақсартуға бағытталған шаралардың бір бөлігі бола ала ма деген мәселені анықтауға көмектесуі мүмкін.
Әзірге ғалымдар ұйықтар алдында тамақтанудан бас тарту бауырға пайдалы болуы ықтимал екенін ғана айтады. Бірақ бұл әдеттің ауру қаупін төмендететінін растау үшін қосымша дәлелдер қажет.
Оқи отырыңыз:
Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсармай тұр – Денсаулық сақтау министрлігі
"Денсаулыққа зиянды заттар бар". Қазақстанда 43 түрлі өнімді сатуға тыйым салынды