Түркияның Ыстанбұл қаласында нөсер жаңбыр салдарынан 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Ол қолайсыз ауа райының алғашқы ресми құрбаны болды. Қайғылы оқиға 14 қазанда Фатих ауданындағы Балат шағынауданында орналасқан Чукурбостан саябағында болған, деп хабарлайды Haberler басылымы.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, жасөспірім шалшық суды басқан кезде электр тогы соғып, ауыр жарақат алған. Оны ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.
Қалада жауын-шашын мөлшері бір шаршы метрге 200 миллиметрден асқан. Ыстанбұлда су басуға қатысты шамамен 1,3 мың жағдай тіркелді. Жауын-шашын әсіресе Бейкоз, Сарыер және Арнавуткөй аудандарында мол түскен.
Провинция губернаторы Давут Гүл тұрғындарды аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға шақырды. 15 қазанда билік қалада метеорологиялық қауіптің сары деңгейін жариялады. Осыған байланысты барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, мотоциклдер мен осыған ұқсас екі дөңгелекті көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды. Жүкті әйелдер, мүгедектігі бар қызметкерлер, ардагерлер және сегіз жасқа дейінгі балалары бар аналар уақытша жұмыстан босатылды.
Соған қарамастан, Ыстанбұл әуежайлары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Рейстер тоқтатылған жоқ.