2025 жылы бастау алған Shyrshaly жобасының аясында биыл Шымбұлақтың беткейлеріне 560 тянь-шань шыршасы отырғызылды. Алматы тауларында ағаш отырғызу жобасы әлі де жалғасын табады.
Алматы қаласының әкімшілігі туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, Қазан айының басында жастар мен студенттер Көкжайлауға екі мыңға жуық Шренк шыршасын отырғызған.
"Шымбұлақта орманды сақтау, ағаштарға кәсіби күтім жасау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Алматы тау кластері аясында кезекті ағаш отырғызу акциясы 31 қазанда Бұтақты шатқалында өтеді. Бұл жұмысты кластердің басқа аумақтарында да жалғастырамыз. Тау инфрақұрылымын дамыту ісі табиғатты қорғауға бағытталған осындай жүйелі жұмыспен қатар жүруі тиіс", – деді ол.
Shyrshaly жобасы 2025 жылы басталған және ол орманды сақтау мен 2011 жылғы дауылдың зардабын азайтуға үлес қосуды көздейді. Мамандар алдын ала топырақ құрамын зерттеп, шатқалдың табиғи жағдайына барынша бейім көшеттерді таңдау жөнінде ұсыныстар берді. Ағаш отырғызылатын жердің тасы көп топырағы ерекше назар аударуды қажет етті. Қажетті ылғал деңгейін сақтап тұру үшін курорт осы аумаққа тамшылатып суғару жүйесін орнатқан.
"Мамандардың кәсіби жұмысы арқасында былтыр отырғызылған 500 шыршаның бәрі де жерсінді. Бұл нәтижеге өте қуаныштымыз. Shyrshaly жобасының екінші кезеңі бізге осы жұмыстың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Осылайша, ағаш отырғызу аумағын екі есе ұлғайттық", — деді Shymbulak тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов.
Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтар федерациясы Shyrshaly бастамасына биыл қосылды. Федерация өкілдері 60 шырша сатып алып, курорт беткейлеріне отырғызды.
Алматыда Медеу – Шымбұлақ жолының бір бөлігі жабылады
Шымбұлаққа түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді – Аида Балаева Almaty Superski жобасы туралы