Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ауқатты азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті қайта қарау мәселесіне қатысты пікір айтты. Оның айтуынша, қазір азаматтарды санаттарға бөлу бойынша талдау жүргізіліп жатыр.
"Бұл санатқа 522 мың адам жатады. Оның ішінде А санатында 70 мыңнан астам адам бар. Қазір осы санаттағы адамдарға талдау жүріп жатыр. Нарықтағы жағдайға сәйкес, азаматтарға тиісті ұсыныстар жолданады. Менің ойымша, бұл бағытта жұмыс істеу керек. Негізі, бұл мәселеде қателікке жол бермеуіміз керек. Кеше де осы мәселені талқыладық", – деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты азаматтарға берілетін жәрдемақыны тоқтату арқылы үш жылда 2,5 трлн теңге үнемдеуге болатынын мәлімдеген еді. Ол бұл туралы Құрылтайда "2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын талқылау кезінде айтқан.