"Балаларымыз ауырып бітті". Атырауда көпқабатты үйдің кәріз құбыры жарылып, баспаналар нәжіске толды

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Жауаптылар мәселені тұрғындар шешуі керек дейді.

Атырауда көпқабатты үйдің кәріз құбыры жарылып, пәтерлерді қалдық су басқан. Үйлеріне кіре алмай қалған тұрғындар облыс әкімдігінің алдына жиналып, көмек сұрады. Олардың айтуынша, құбыр жиі жарылып, жөндеу шығындарын өз қалталарынан төлеуден шаршаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар қазір құжаттары мен қажетті заттарын алып, туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Айтуларынша, пәтерлерді кәріз суы басып, бөлмелерді сасық иіс жайлаған. Олар мәселені шешу үшін облыс әкімінің көмегіне жүгінбек.

Атырау қаласының тұрғыны Наталья Краснованың айтуынша, кәріз құбырынан аққан су үйдің ішіне жайылып, тұруға мүмкіндік қалдырмаған.

"Баспанамыздан кәріз жарылып, бүкіл жерге тарады. Жер-көктің бәрін нәжіс суы басты. Тұншығып, әрең жүрдік. Балалар шетінен ауырып бітті. Қазір үй іші шылқыған су, туыстарымыздың үйін паналап кеттік", – дейді Наталья Краснова.

Тұрғындардың сөзінше, құбырлардың тозғаны соншалық, оларды өздері уақытша жамап келген. Алайда бұл шара мәселені түбегейлі шешпеген. Бірінші қабатта тұратын Болат Қалиевтің айтуынша, кәріз құбыры 2024 жылы да жарылған. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

"Мен бірінші қабатта тұрамын. 2024 жылы да ескі құбырлар жарылды. Содан бері ешкім жөндеп бермеді. Қазір сасық иістің бел ортасында отырмыз. Өзім екінші топ мүгедегімін. Әкімдік бізді назардан тыс қалдырды", – дейді ол.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары Олжас Хасановтың айтуынша, үйдің инженерлік желілерін күтіп ұстау мен жөндеу тұрғындардың міндетіне жатады.

"Канализация бойынша жалпы тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, тұрғын үйдің инженерлік желілерін қалпына келтіру және күтіп ұстау тұрғындардың өз міндеті болып саналады. Сол себепті бұл ортақ мүлік болғандықтан, аталған жұмысқа бюджет қаражатын бөлу қарастырылмаған", – деді Олжас Хасанов.

Бұл көпқабатты үйде жүзден астам тұрғын тұрады. Олар баспананы орталық кәріз жүйесіне қосып, мәселені шешуді талап етіп отыр. Жауапты мекеме өкілдерінің түсіндірмесіне қанағаттанбаған тұрғындар облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау