Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, іс Бостандық аудандық полиция басқармасының бөлімінде тіркелген. Тергеу барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысы да ескеріледі.
"Бұл жағдай бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысы негізінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылданады", – делінген полиция хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі оқиғадан кейін шұғыл тексеру жүргізе бастады. Мектептің тамақтану блогын тексерген мамандар санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтаған. Осыған байланысты бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілген және дезинфекция жүргізілген. Сонымен қатар оқушылармен байланыста болған жақындары да бақылауға алынған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, мамандар Master Food ЖШС-нің тамақтану блогын тексерген. Нәтижесінде азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны анықталған.
Бұған дейін мектептің 47 оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түскені хабарланған еді. Кейін Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы тағы бір баланың ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді. Осылайша, зардап шеккен оқушылар саны 48-ге жетті.