Қазақстанда ломбардтар мен коллекторларға қойылатын талап күшеюі мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Ломбардтардың табысы 18 пайызға артқан.

Қазақстанда ломбардтар мен коллекторлық агенттіктерге қойылатын талап күшеюі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң талаптарын жүйелі түрде бұзатын коллекторларды тізілімнен шығаруды жоспарлап отыр. Ал ломбардтардың қызметін реттеу талаптарын да қайта қарау көзделген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы

Қарыз өндіру кезінде борышкерлерге қоқан-лоқы көрсетуге, оларды мезгілсіз мазалауға және қарызы туралы ақпаратты бөгде адамдарға таратуға заңмен тыйым салынған. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, коллекторлық агенттіктер тарапынан заң талаптарын бұзу әлі де кездеседі.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, коллекторлар борышкерге аптасына үш реттен артық хабарласа алмайды. Сондай-ақ белгіленген уақыттан тыс, демалыс күндері немесе жұмыс күндері кешкі сағат 21:00-ден кейін мазалауға, жалған есіммен таныстыруға және қысым көрсетуге тыйым салынған. Реттеуші мұндай заңбұзушылықтарға жол беретін агенттіктерге қатысты шараларды күшейтпек.

"Тиісті өзгерістер әзірледік. Коллекторлық агенттіктердің қызметіне талап күшейеді. Бүгінде бірнеше мекемені тексеріп жатырмыз. Заңды ұдайы бұзып келгені анықталған коллекторлық агенттіктер тізілімнен шығарылады", – деді Мадина Әбілқасымова.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтардың қызметін де бақылауға алмақ. Реттеушінің мәліметінше, олар 2026 жылдың алғашқы жартысында шамамен 37 миллиард теңге табыс тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға көп.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, банктерден несие алу талаптары қиындаған кезде азаматтардың ломбардтарға жүгінуі артып отыр. Осыған байланысты ломбардтардың қарыз шарттарына қойылатын талаптарды күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Әзірге ломбардтарға қатысты қандай нақты өзгерістер енгізілетіні жарияланған жоқ.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредит беру және коллекторлық қызмет саласындағы 13 субъектіні лицензиясынан айырған.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау