ІІМ Киберқылмыспен күрес департаменті жәбірленушілерден қаражатты алып қоюмен байланысты алаяқтық схемаларға қатысудың ауыр зардаптары туралы ескертеді.
ІІМ Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, жеңіл әрі жылдам ақша табуға үміттеніп, кейбір азаматтар қылмыстық және азаматтық жауапкершіліктің барын білместіктен, алаяқтарға көмектесіп, "дропперлерге" айналып жатады.
"2024 жылы 1 200-ден астам "дропперге" қатысты сот үкімі шықты. Олардың банк карталары арқылы алаяқтардың шоттарына аударылған 1,3 миллиард теңге өндірілді. Бұдан басқа, қылмыстық схемаларға қатысқан 56 адам интернет-алаяқтық жасауға көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды", – деді Жандос Сүйінбай.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға, оңай ақша табу туралы ұсыныстарға сенбеуге, күдікті әрекеттер туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.