Тікелей эфир

Заң және тәртіп: ІІМ патрульдік полицияның жұмысына байланысты мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрлігі Қазақстан халқына үндеу жасады.

Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті және кез келген заң бұзушылық үшін міндетті жазалауды қамтамасыз ету шараларын күшейткенін мәлімдеді.

ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті жедел басқару орталықтары мен патрульдік қызметтің жұмысын белсенді қадағалайтынын атап өтті.

"Жедел басқару орталықтары патрульдік полицейлердің жұмысын тәулік бойы бақылауда ұстайды. Қызметкерлер өздігімен сөндіре алмайтын "смартжетондармен" жабдықталған. Бұл құрылғылар белгіленген талаптардан ауытқуға мүмкіндік бермейді, барлық әрекет үнемі жазылып отырады", – делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан басқа, министрлік жасанды интеллект қосылған бейнебақылау камераларынан алынған деректерді талдайтын жүйе қолданылатынына сендірді.

"Бұл кез келген құқық бұзушылықты анықтауға және оны жедел әшкерелеуге мүмкіндік береді. Полицияның жұмысы әрбір заң бұзушыны оның мәртебесі мен лауазымына қарамастан тиісті жауапкершілікке тартуға бағытталған. Ешкімге ешқандай артықшылық берілмейді. Патрульдік полицейлер заң талаптарын қатаң түрде сақтайтынын атап өткім келеді. Олардың тарапынан кез келген заңсыз әрекеттер үшін сәйкесінше жауапкершілік көзделген. Біз азаматтарды заңды сақтауға, полицейлердің заңды талаптарын орындауға, лауазымды тұлғаларға пара ұсыну әрекеттеріне бармауға шақырамыз", – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

ІІМ және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында тиісті меморандумға қол қойылған. Оның аясында жемқорлықпен күрес одан әрі нығая түспек.

ІІМ қызметкерлердің әдепсіз іс-әрекеттерінің куәсі болған азаматтарды дереу ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментіне немесе 1402 сенім телефонына хабарласуды сұрайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары