2025 жылы көңілге жайлылық сыйлайтын табиғи түстер сәнде болады. Chanel, Gucci, Erdem секілді брендтер қандай киімдер мен түстердің сәнде болатынын көпшілікке жария етіп үлгерді. Ал трендтерге келетін болсақ, үлкен сөмке, көзге бірден түсетін аксессуарлар мен ерлер киімінің элементтері барынша образды сәнді етіп көрсетеді.
2025 жылдың басты трендтері
Үлкен сөмкелер
2025 жылы үлкен сөмкелер сәнде болып қана қоймай, иесінің керегіне жарайды. Әсіресе өзімен бірге көп зат алып жүретін белсенді адамдар үшін. Ал материалына келетін болсақ, былғары, эко былғары және күдері сөмкелер барынша ыңғайлы болмақ.
Тізеге дейін түсіп тұратын белдемшелер
Элементтері аз етегі түзу немесе аз ғана кеңдеу белдемшелер сәнде болады. Мұнда белдемшелер 90-жылдары сәнде болған еді.
Оқи отырыңыз: Брекет салдырмас бұрын не білу қажет? 12 сұраққа жауап
Ерлер стилі
Әйелдер сәніндегі ерлер стилі – 2025 жылдағы басты трендтердің бірі. Бұл бағыт барынша дамып, әйелдер ерлер әлемінің дәстүрлі элементтерін белсенді қолданады: костюмдер, оversize образдар, шалбарлар, галстук пен аксессуарлар.
2025 жылы қандай түстер сәнде болады?
2025 жылы Pantone түстер институтының вице-президенті Лора Прессманның айтуынша, жанға жайлылық сыйлайтын mocha mousse түсі сәнде болады. Аталған түс шоколад пен кофенің қосындысына ұқсайды. Мұнымен қатар сары, қызғылт, қызыл, көк және жасыл түстердің белгілі бір реңдері де сәнде болады. Танымал брендтер осы түстерді қолдана отырып коллекцияларын таныстырып үлгерді. Сондай-ақ база түстер – ақ, қара және ашық қоңыр сары түстерді қолдана отырып үйлесімді киінуге болады.
Күнге ұқсас сары
Versace күнге ұқсас сарыдан жырығы жоғары орналасқан, ұзындығы макси көйлек; Chanel бүрмеленген кейп жейдеше, Erdem күміс түсті гүлмен кестеленген атлас белдемше; Tod’s ұзын, түзу пальто ұсынды. Егер көзге түскенді ұнатпайтын жандар қатарынан болсаңыз, сары түсті аксессуарды ғана қолдануға болады.
Мокко мусс
2025 жылы mocha mousse түсі сәнде болады. Бұл тәтті десертті еске түсіретін, қызыл немесе күлгін реңі бар қоңыр түс. Pantone түстер институтының вице-президенті Лора Прессманның айтуынша, бұл түс табиғилық, гармония және қарапайым заттарға қуана білуді меңзейді. Осы орайда коллекцияларында Max Mara денеге жабысып тұратын пальто, трикотаж макси белдемше мен көйлек; Hermès белі жоғары орналасқан шалбар мен плащ, кроп-топтан құралған образ ұсынды. Сырт көзге кербез болып көрінгіңіз келсе, мокко мус түстегі белдік, былғары сөмке таңдаңыз. Valentino осы түстегі өкшесі кішкене ғана биік етік ұсынған болатын.
Балалық шақты еске түсіретін алқызыл
Бұған дейін "Барби реңдер" сәнде болса, қазір романтикалық эстетика әсерін сезіндіретін нәзік алқызыл сәнде. Chanel жеңі қысқа, белдік тағылған жейде көйлектер; Erdem шалбары бар костюм; Dolce & Gabbana нәзік алқызыл түсті футляр көйлек; Simone Rocha жеңіл жейделер мен бүрмеленген белдемшелер ұсынды.
Оқи отырыңыз: "Бақытты жандарға қанша сағат ұйықтайтыны маңызды емес". Психолог ұйқысыздық туралы
Батыл қызыл
L'Officiel басылымы қызыл түстің биыл да ерекше сәнде болатынын айтады. Tommy Hilfiger қызыл түсті пуловерді сұр түсті қысқабалақ шалбармен; Givenchy түзу белдемшені қысқа күртемен үйлестірсе; Gucci шие түстес қызыл шалбар, жейде, көйлек және костюм ұсынды. Valentino образды қызыл қолғап, бас киім, мойын орамалы немесе колготка киюге кеңес береді. Тіпті, стилистер Меган Фокс пен Кендалл Дженнер секілді шашты қызғылт түске бояуды ұсынып отыр.
Батыл көк
Стилистердің айтуынша, көк түс адамды өзіне сенімді етіп көрсетеді. Осы орайда, Tommy Hilfiger А мүсінді миди көйлек; Chanel джинсы кюлоттар мен көк түсті түрлі бұйым; Max Mara ұзын белдемшелер мен жейде; Erdem қою қара көк түсті макси көйлек тігіп шықты.
Жасыл реңді түстер
Бұл түс барлық маусымда сәнде болады: боз жасыл түстен бастап көк-жасыл түске дейін. Gucci жасыл түсті пальто, Victoria Beckham шөп түсіне ұқсайтын атлас көйлек; Chanel жалбыз түстес көйлек; Erdem шалбары бар костюм тігіп шықты.
Оқи отырыңыз: Италия биотехнологы: Косметика өндіріп бастауыма баламның тері ауруы себеп болды