Тікелей эфир

Италия биотехнологы: Косметика өндіріп бастауыма баламның тері ауруы себеп болды

Маман әр өнімді толық зерттеп шығаруға үш жыл уақыт кететінін айтады.

Италияның Милан қаласында тері ауруларынан емделуге көмектесетін табиғи өнімдерді зерттеп, түрлі эко косметика жасап шығарған дәрігер, биотехнолог Ольга Кола бұл салаға қалай келгенін, бетке дұрыс күтім жасау және әжімдерді азайту жолы туралы әңгімеледі. 

– Медицина саласынан косметика өндірушісіне ауысуыңызға не әсер етті?

– Осыдан 5 жыл бұрын ұлым дүниеге келген кезде атопиялық дерматитке шалдықты. Мұнымен қатар терім гипер сезімтал болғандықтан, ем мен сәйкес келетін косметика іздеуіме тура келді. Медицина және биотехнология саласындағы білімімді пайдаланып, табиғи өнімдерді зерттей бастадым. Артынша неге ұлым екеуіміз секілді қиындыққа тап болған жандарға көмектеспеске деген ой келді. Ұзақ ізденіс, зерттеудің нәтижесінде бірқатар косметикалық өнім дүниеге келді. Мен жасаған өнімдерді "тек вегандық, органикалық және жасыл химия" деп атауға болады. 

Фото: Ольга Коланың жеке архивінен

– Компанияларға жасыл химиядан жасалған бір өнімді шығаруға қанша уақыт қажет?

– Гипер сезімтал және белгілі бір денедегі жараны емдеп жазуға арналған бренд үшін кемінде үш жыл қажет болады. Өйткені бұл процесс кезінде өнімнің формуласын жасап қана қоймай, оны тестілеуден өткізеді. Мұнымен қатар біз табиғатта тез ыдырайтын өнімдерді ғана таңдаймыз. Өйткені қоршаған орта мен адам денсаулығын сақтау бірінші орында тұрады. 

– Дегенмен көптеген органикалық өнімнің сырты ғасырлар бойы сақталады ғой... 

– Иә, өкінішке орай, экологиялық өнімдерде бұл ескерілмейтін кездер болады. Бірақ біз мұнайдың орнына қант құрағын пайдаланымыз. Ол пластикке қарағанда жылдам ыдырайды.


Оқи отырыңыз: Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз? Косметолог Алтын Сартаймен сұхбат


– Косметикаңыздың негізгі бағыттарының бірі – беттегі әжімді азайту. Сіздіңше, күнделікті зиянды тағамдар мен денені дұрыс ұстамаудан бөлек қандай себеп бар?

– Әр адамның бойында терінің физиологиялық қартаю процесі жүреді, құдды биологиялық таймер секілді. Одан қашып құтылу мүмкін емес, біз тек осы таймердің баяу жүруіне әсер ете аламыз. Жаңа өнім ойлап тапқан кезде теріге жаңа бір затты қосуға тырыспаймыз, керісінше жетіспейтін заттармен толықтырамыз. Сондай-ақ мына нәрсені айта кету керек – әжімді азайтатын косметикада 25 жасқа дейін, 40 жасқа дейін деген секілді жазулар бар. Косметиканы жасқа сай емес, әжімнің тереңдігіне сай таңдаған абзал. Егер жас тері ерекше күтімді қажет етпесе, оған тиіспеген пайдалырақ. 

Фото: kosmeticanews.it

Мен үшін терінің балғын қалпында болуы дұрыс тазалаумен тікелей байланысты. Бұл процесті дұрыс жүзеге асыратын болсақ, терідегі барлық токсин мен барлық артық затты күн сайын алып отырамыз. Ал егер саңылауларды косметика немесе шаң тозаңмен бітейтін болсақ, бұл әртүрлі жараның пайда болуына әкеледі. Екіншіден, міндетті түрде күннен қорғайтын фильтрлерді қолданғанымыз жақсы. Әсіресе еуропалықтардың терісі күннен үлкен зиян шегеді. Үшінші – таңертең және кешке сарысу мен крем қолдану. 

– Дұрыс тазалау процесін ретімен айтып бересіз бе? Оған не кіреді?

– Барлық тері үшін көпіретін заттарды қолдану маңызды. Кейін тоник орнына минералды су пайдалануды ұсынамын. Құрамында спирті мен парфюмерлік қосындылары бар заттардан бас тарту да маңызды. Кейінгісі аз мөлшерде қолданылғанның өзінде тестілеуден өтуі тиіс. Ал жасы үлкен кісілерге бетті тазалау үшін гидрофильді май тұтынуға кеңес беремін. Бұдан өзге аралас типтегі теріге түнде тек сарысу жағуды ұсынамын. Бұл саңылауларды бітемейді әрі қанның дұрыс жүруіне ықпал етеді. 

Фото: Ольга Коланың жеке архивінен

– Ал кішкене балаларға қанша жастан бастап косметика қолдануға болады?

– Туа салысымен микробиоммен жұмыс істейтін және құрамында GSH бустері бар косметиканы қолдануына болады. Кейінгісі дененің қызаруын 20% азайтып, терідегі бактерияларды азайтады. 


Оқи отырыңыз: "Бойыңызды тік ұстауды үйренбесеңіз, беттегі әжімнен арыла алмайсыз". Face fitness маманмен жасару туралы сұхбат


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары