Қазақстанда "Қазақстан темір жолы" компаниясын IPO-ға шығару бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл ретте компания IPO-ға құрамындағы компанияларымен, атап айтқанда магистралдық теміржол желісімен бірге шығарылады. Бұл туралы үкімет басшысы мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтты.
Еске салайық, "Ақ жол" партиясының мәжілістегі мүшелері Қазақстан темір жолын IPO-ға шығармас бұрын оның құрамындағы магистральдық теміржол желісін мемлекет қарамағында қалдыруды ұсынған болатын. Депутаттардың сөзінше, магистральдық теміржол желісіне стратегиялық актив болып саналады. Сәйкесінше, оны IPO-ға шығару мемлекеттік бақылауды жоғалтуға әкелуі мүмкін.
"Шын мәнінде, бұл көлік жүйесін дамыту емес, монополияны жекешелендіру болып табылады. Акцияларының 100 пайызы мемлекетте қалуы тиіс және сатылуға жатпайтын ұлттық инфрақұрылым операторын бөлек заңды тұлғаға бөлмей, "ҚТЖ" АҚ IPOға шығару, мүдделер қақтығысын тудырады, өйткені жеке инвесторлар, Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын ұзақ мерзімді түрде дамытуға емес, пайдасын барынша арттыруға мүдделі болады", – делінген депутаттық сауалда.
Оқи отырыңыз: Темір жол саласында 12 инвестжоба жүзеге асырылады: 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Дегенмен, премьер-министр Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" компаниясы IPO-ға шыққанда оның тек 25 пайыздан аспайтын акциялары сатылатынын алға тартты.
"Осылайша, ұлттық оператор акцияларының бақылау пакеті "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-да сақталады. Осыған байланысты "ҚТЖ" ҰК" АҚ-дан магистралдық теміржол желісін шығару орынсыз болып көрінеді", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Еске салайық, Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысымен "ҚТЖ" АҚ IPOға шығару жолымен, басым тәртіпте бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын ұлттық компаниялар тізбесіне енгізілді.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63