Тікелей эфир

Mudarabah Capital салымшылары істі бас прокуратура қарауын талап етті

Жиылған жұрт Алматы ішкі істер департаментінің істі әділ қарайтынына сенбейді.

Қаржы пирамидасының салымшылары Қазақстанның әр өңірінен жиналып, бас прокуратура алдында наразылық білдірді. Олар қаржы пирамидасына қатысты істі тікелей Нұр-Сұлтанда қаралуын талап етті. Өйткені Алматының полиция департаменті істі әділ жүргізбеуі мүмкін деп күдіктенеді. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады. 

Жиналған азаматтар істің ушығуына Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахмановты айыптап отыр. Айтуларынша, нағыз кінәлілер бостандықта.

"Алмас Құрманғалиев, оның әкесі Шыңғыс Құрманғалиев, бухгалтер Дәния Рахимова бар. Олар – басты фигуранттар. Дәния басқа бухгалтерге түрмеге қамалса, "схеманы" ашып айтып беретінін айтқан. Сол себепті Алматы ІІД қарсыласып отыр", – деді салымшы Құрманғазы Сапарбаев.  

"Біз прокурордан әділдік талап етіп тұрмыз. Ісімізді Әбдірахманов жүргізсін. Жүргізе алмаса, астанаға берсін. Астана әділ шешім шығарып, қарапайым халықты жылатпасын", – деді жәбірленуші Айсұлу Термекбаева. 


Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев: Мен керісінше жәбірленушімін


Бас прокуратура салымшыларға арызды 3 күн ішінде қарап, бір шешім шығаратынын айтқан. 

"Арыз жазылған соң, ол кісілерге ресми жауап беріледі", – деді бас прокуратураның кезекші прокуроры Ілияс Сандыбаев. 

Алданған салымшылар бұл жолы да қолына жанармай мен шырпы ала барған. Адвокат Абзал Құспан азаматтардың дәл осындай әрекетке баруы құқық қорғау саласының әлсіздігін көрсетеді, дейді. 

"Жыл жарым бойы оны істемейді, кейін әйел адам келіп үстіне бензин құйып жібереді. Кейін адамды ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі етіп қамайды. Осылайша кез келген құқығы бұзылған адам әділдікті осындай әрекетпен қалпына келтіреміз деп ойлайды", – деді заңгер Абзал Құспан. 

Еске салсақ, қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов күдікті ретінде ұсталды. Кейін тергеу соты оларға қатысты "кепілмен босату" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ал үшінші күдікті вайнер Әзімжан Саидбаевқа іздеу жарияланды. Артынша Алматы қаласында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша қамауға алынды
 

Серіктестер жаңалықтары