Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов еліміздің және өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар табыс етті.
Аймақ басшысы Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл мерекенің халықтың бірлігі мен жасампаздыққа деген ұмтылысын сипаттайтынын айтты.
– 25 қазан – елдігіміздің ақ жолы айқындалған тарихи күн. Атырау облысы үшін экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және халықтың өмір сапасын арттыру маңызды басымдықтар санатында. Ал біздің баға жетпес құндылығымыз – бейбітшілік пен татулық. Әр азаматтың адал еңбегі – еліміздің алдағы дамуының кепілі.

"Бірлігіміз бізді жаңа жетістіктерге бастасын! Еліміздің ертеңі еңселі, келешегі кемел болсын!" – деді Болат Ақшолақов.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еңбек ардагерлері, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ саласы, көлік, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері мемлекеттік наградалармен марапатталып, Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.
