NVIDIA ЖИ инфрақұрылымын дамытудағы қазақстандық үздік жобаны атады

Фото: Nvidia.com
Фото: Nvidia.com
Үздіктер қатарында "Қазақтелеком" мен оның Data Center Valley жобасы аталған.

Америкалық NVIDIA технологиялық компаниясы ресми сайтында Қазақстанның есептеу қуаттарын кеңейту туралы материал жариялады. Компания бұл бағыттағы негізгі қатысушылар ретінде "Қазақтелеком" АҚ, Firebird AI компаниясын және Екібастұздағы Data Center Valley жобасын атады. Мақала NVIDIA GTC Berlin 2026 конференциясы аясында жарыққа шықты. Осыдан кейін NVIDIA негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет сапармен келді.

23 қазанда Дженсен Хуанг Астанаға келіп, Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесінің дамуымен танысты. Сондай-ақ ол студенттермен және технологиялық стартаптардың өкілдерімен кездесті.

NVIDIA мәліметінше, Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы саналатын "Қазақтелеком" Астана мен Алматы қалаларында 400 NVIDIA H200 және 480 NVIDIA B300 графикалық процессорын іске қосқан. 2027 жылы компания Data Center Valley кешенінде 1000-нан астам графикалық процессор орналастыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Екібастұз өңірінде жаңа буындағы 1000-нан астам NVIDIA Vera Rubin орнатылмақ. Бұл есептеу қуаттарын кәсіпорындар, әзірлеушілер мен ғылыми ұйымдар пайдалана алады.

NVIDIA Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесі жоспардан нақты іске көшу кезеңіне өткенін атап өтті. Бұл үдеріс инфрақұрылымнан бастап модельдер мен қолданбалы сервистерге дейінгі барлық бағытты қамтиды. Компанияның пікірінше, елдің әлеуеті тек графикалық процессорлардың санымен өлшенбейді. Инфрақұрылымның әзірлеушілерге, университеттерге, стартаптар мен өнеркәсіп өкілдеріне қолжетімді болуы да маңызды.

Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Екібастұзда салынып жатқан Data Center Valley деректерді өңдеу орталықтарының ауқымды кластері. Болашақта оның энергетикалық қуатын 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделген.

Дженсен Хуангқа жобаны "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин өзі таныстырды. Ол кластердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері, энергетикалық артықшылықтары және Қазақстанның жоғары өнімді есептеулер бойынша халықаралық орталыққа айналу әлеуеті туралы айтып берді. Жобаның бірінші кезеңіндегі 215 МВт қуат толығымен брондалған. Қуаты 50 МВт болатын алғашқы деректер орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.

"Бүгінде елдердің жасанды интеллект саласындағы бәсекеге қабілеттілігі алгоритмдердің дамуымен ғана емес, өз есептеу инфрақұрылымының болуымен де анықталады. Сондықтан біз Екібастұзда Data Center Valley жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды есептеу ресурстарын тұтынушы елден жасанды интеллектке арналған қуаттардың жаһандық жеткізушілерінің біріне айналдыру. Біз болашақ технологияларының Қазақстанға жай ғана келуін емес, осы жерде жасалып, дамуын қалаймыз", – деді Бағдат Мусин.

NVIDIA хабарлауынша, Firebird компаниясы Қазақстанға 45 мың NVIDIA Grace Blackwell графикалық процессорын жеткізу үшін АҚШ-тың экспорттық лицензиясын алған. Жобаның бірінші кезеңі Data Center Valley аумағында "Қазақтелекоммен" бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Оны 2027 жылдың үшінші тоқсанында коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар Firebird жергілікті жасанды интеллект стартаптары мен зерттеушілерін қолдауға арналған Firebird Labs Kazakhstan зертханасын ашуды жоспарлап отыр. Оның аясында мамандарға есептеу қуаттарына қол жеткізу мүмкіндігі беріледі.

Мұндай инфрақұрылымның дамуы қазақстандық кәсіпорындардың, ғылыми ұйымдар мен әзірлеушілердің заманауи жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді. "Қазақтелекомның" халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастығы Қазақстанның цифрлық трансформациясының маңызды бөлігіне айналып отыр. Ел цифрлық технологияларды тұтынушыдан жаһандық ЖИ нарығына арналған есептеу инфрақұрылымын жеткізушіге айналуды көздейді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау