Тікелей эфир

Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев: Мен керісінше жәбірленушімін

Mudarabaһ capital қаржы пирамидасына 162 салымшы 2 миллиардқа жуық қаржы құйған.

"Аса ірі мөлшердегі ақшаны немесе өзге де мүлікті тарта отырып қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық етті" деген күдікке ілінген вайнер Мейіржан Төребаев керісінше өзінің жәбірленуші екенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Вайнер Мейіржан Төребаевпен бірге Мейірхан Шерниязов та ұсталған болатын. Алайда вайнерлердің Mudarabah Capital қаржы пирамидасы арқылы қазақстандықтарды тақырға отырғызғаны дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

"Мені бұл бап бойынша айыптау ақылға қонбайды. Мен ол ұйым мен оның негізгі мақсаты туралы білмеймін. Тергеу органдарында менің жәбірленуші екенім туралы арыз бар. Бәлкім құзырлы органдарда маған тіс қайраған біреу бар шығар. Сол бәрін теріс төңкеріп, мені күдікті қылды ма екен? Табан асты кінәлі болып қалдым. Бірақ қолымда барлық құжат бар, түбіртек те сақталып тұр", – деді вайнер Мейіржан Төребаев.

Сот шешімімен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 1 000 АЕК көлемінде яғни, 3 063 000 теңге кепіл төлеп, босап шықты. Алайда әзірге басы дауға қалған блогерлердің бірі Әзімжан Саидбаевтың қайда екені белгісіз. Жауаптылар күдіктінің іздестіріліп жатқанын айтты. Судья оны сырттай екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

"Қазіргі таңда қай жерде ол және қай елде болғандығын оны сіз тергеу органдарынан біле аласыз. Біздің еліміздің аумағына келген соң ол қамауға алынады", – деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Mudarabaһ capital қаржы пирамидасына 162 салымшы 2 миллиардқа жуық қаржы құйған. Кейін ай сайын салған қаражатының 20 пайызы көлемінде ақша алып отырамыз деп алданып қалған. Осыдан үш ай бұрын қаржы пирамидасының бас директоры қамалған еді. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің сотқа қашан өтетіні белгісіз.

Еске салсақ, вайнер Әзімжан Саидбаевқа іздеу жарияланғаны туралы хабарлаған едік. Ол "Қаржылық инвестициялық пирамида құрды және оған басшылық етті" деген күдікке ілінді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары