Экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта марқұм Салтанат Нүкеновамен қайтыс болған түні болған жанжалдың жай-жапсарын айтып берді.
Жауап алу кезінде Бишімбаев 8 қарашада Нүкенова екеуінің арасындағы жанжал "Қазақстан" орталық залында өткен концертте басталғанын түсіндірді. Оның артынан гастро орталыққа дейін жаяу жүріп, "БАУ" мейрамханасына көтеріліп, екеуі жанжалдасуды жалғастырған. Түн ортасында мейрамхана жабылғаннан кейін әктеушілер мекемеде жөндеу жұмыстарын бастаған. Осы уақытта Бишімбаев пен Нүкенова №1 VIP кабинада болған.
Бишімбаевтың айтуынша, Нүкенова айқайлай бастаған соң, ол әктеушілер естімейтіндей етіп кабина ішінде орналасқан дәретханаға баруды ұсынған. Бишімбаев атап өткендей, әжетханада Нүкенова әшекей бұйымдарын шешіп, әжетханаға ағызып жіберген. Осыдан кейін ол кабинадан шығып, оларға сусын әкелу үшін мекеменің жалпы бөлмесіне бет алған. Кабинаға қайта оралған Бишімбаев Нүкенованың дәретханаға кіріп, есікті жауып алғанын көреді. Ол динамик штативін алып, онымен есікті соға бастайды. Осыдан кейін Салтанат Нүкенова есікті ашады.
"Екеуіміз қатты ұрысып қалдық. Ол жұдырығын ала жүгіріп, көйлегін жыртты. Мен оның иығынан ұстап, сілкіп жібердім. Мен оны итеріп жібердім, ол қабырғаға соғылды. Мен оған: "Тыныштал, не істеп жатырсың?" дедім. Ол маған қайта жүгіргенде мен де оның көйлегін жыртып алдым. Ол ашуланып, шетке шығып, көйлегін шеше бастады. Үстіндегі барлық киімді таңертең дүкенге барғанымызда сатып алған болатын. Мені одан сайын ренжітті, ол оларды шешіп, маған лақтырып жіберді. Содан өзімді ұстай алмай, бетінен бір-екі рет ұрдым. Ол шегініді", – деді Қуандық Бишімбаев.
Мұнымен қатар ол марқұмның өзі сыйлаған шалбарын шешпек болғанын айтты.
"Ол дәретханаға қарап тұрды, ал мен арт жағында тұрып шалбарынан ұстап қалдым. Ол шалбарын тартып, оны шешпек болды. Ол шалбарын тартқанда мен қалағанын істесін деп ойладым да босаттым. Ол мен ұстап тұр деп ойлап, қатты тартып қалды. Ал мен белбеуді босатқан болатынмын. Шалбары шешіліп, дәретханаға қарай құлай бастады. Қолымен итеріп, кейін дәретханаға бетімен құлады. Қатты соққы алды", – деді Бишімбаев.