Jaiq коммерциялық емес ұйымы co-creation, яғни бірлесіп құру тәсілімен жазған "Самғар күнделігі" атты өмірлік бағдар кітабын ұсынады. Үш бөлімнен тұратын кітаптың әзірге 1-бөлімі "Самғар күнделігі: Тасжарған" жарық көрді. Бұл күнделік-кітапқа комикс, өзін тануға арналған интерактивті тапсырмалар мен оқытудың заманауи әдістемелер жинағы енген. Ең маңыздысы – үш бөлімнің негізінде қысқаметражды анимациялық мультсериал жарыққа шығады.
"Кітаптың жарыққа шығуына Jaiq Community мүшелері атсалысты. Бұл – біздің ұйымның ықыласпен жасалған үлкен еңбегі. Ал жобаны бастауға мені мұнай-газ саласында қызмет етіп жүрген ел ағалары және олардың балалары шабыттандырды. Жарты өмірін вахтада өткізіп, денсаулығын сарп етіп жүрген асқар тау әкелердің келер буыны биікке самғаса деймін. Ұлттық адами капиталымыз басты сарқылмас байлығымыз екенін есте ұстау керек" – деді кітап авторларының бірі Ибрахим Ташим.
Идеяны қолдаған Саясат Нұрбек Жаңа Қазақстанның қанатты символы жаңаөзендік Самғар болғай деп тілек білдіріп, балалар жылында осындай бірлікпен жасалған әлеуметтік жобаның мүшесіне айналғанына қуанышты екенін айтты.
Jaiq мүшелерінің айтуынша, бұл жоба кітап оқу әдетін қалыптастырып, шығармашылықты дамытуға және психикалық денсаулықты күшейтуге көмектеседі.
"Қазір кітапты еш нәрсеге алаңдамай оқу қиын. Интернеттегі ақпарат ағынында батып, адасып жатырмыз. Бұл кітап сыни ойлау, қарым-қатынас құру, ішкі диалог жүргізу және депрессиядан корғану жолдарын дамытады. Оқу – біреудің ішкі дауысын естіп, жанын түсінуге мүмкіндік беретін, қазіргі қоғамға жетіспейтін құрал", – дейді олар.
Оқи отырыңыз: "Біртуар" мен "Құлыншақ". Қазақ балалар не оқып жүр?
"Самғар күнделігі" не туралы?
Самғар – 9-сынып оқушысы. Жаңаөзендегі қарапайым көпбалалы отбасынан шыққан. Әкесі – мұнайшы-вахтовик, анасы – мұғалім. Қандай мамандықты таңдарын білмей жүрген Самғардың алдында екі жол тұр: не колледжге кету, не 11 сыныпқа қалып ҰБТ тапсыру. Ол жақындарының және жаңа оқу тәсілдерінің көмегімен өмірлік мақсатын табуға тырысады. Шынайы өмірден алынған оқиғаларға толы Самғар күнделігі әрбір жасөспірім мен ата-анаға арналады. Бұл күнделік-кітап өзіңді тану, батылдық пен махаббат жайында болмақ.
Кітаптың мақсаты – адамдардың өмірдегі миссиясын табуына әсер ету. Бұл кітап-күнделік үш негізгі мәселені шешуге бағытталған:
- Кәсіби және өмірлік бағдар беретін ресурстардың жетіспеушілігі;
- Қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы;
- Кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуі.
Самғардың бірінші күнделігіне комикс, тапсырма және өзін тануға арналған ең сапалы әдістемелер жинағы енгізілді. Атап айтқанда, қазақтың ұлттық шежіресі, кәсіби бағдар табу тестілері, талантты анықтау әдісі, денсаулық пен амандық элементтері, мақсат қою және оған жету жолдары, тұлғалық интеллект түрлері, тұлғалық типология, түпсанамен жұмыс істеу, қаржылық және әлеуметтік желідегі сауаттылықты дамытуға арналған тапсырмалар.
Кітаптың негізгі авторы – Jaiq Community мүшелері. Бұл жобаны бастаған әлеуметтік дизайнер және Jaiq Non-Profit Organization жетекшісі Ибрахим Ташим. Жобаға қосымша автор ретінде қоғам қайраткері, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қосылды. Бұл жоба толықтай Jaiq коммерциялық емес ұйымының жобаларымен қаржыландырылады. Басылған кітап демеушілер тарапынан жастарға тегін таратылады. Самғардың жеке парақшасында t.me/samgaimyn аудионұсқасы шығады.
Оқи отырыңыз: "Оқуға тұрарлық ешкім жоқ емес, оқитын адам жоқ". Жазушы Бақытгүл Сәрмековамен сұхбат
Кітап желісімен мультсериал түсіріледі
Бірлесе жазылған кітаптың үш бөлім жарыққа шыққан соң қысқаметражды анимациялық сериал түсіріледі. Ең қызығы – болашақ мультсериалда кітап оқырманының өзі қосқан түрлі идея мен кейіпкерлер тоғысады.
Басқа мультсериалдардан айырмашылығы:
- Мультсериал кез келген жастағы көрерменге өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға көмектеседі;
- Қоғамдағы өзекті мәселелерді интерактивті тәсілмен жеткізеді;
- Мультсериалда түрлі жанрлар көрініс табуы мүмкін (аниме және т.б.)
Оқиға кітап шеңберінен шығып, шынайы өмірге айналады. Соның бірі – Самғармен бірге IТ мамандарын даярлау. Оқырман IT білім алу мен тәлімгерлік бағдарламасына қатыса алады. Сондай-ақ кітаптың 1-бөлімінде су тапшылығын шешуге бағытталған хакатон ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар беріледі. Оған қатысу үшін оқырман кітапта көрсетілген QR-код арқылы сілтемеге өтіп тіркеледі.
Жобаға қосылу үшін:
- Шығармашылық студияның каналына жазылу
- Басылған кітапты толығымен оқу немесе Самғардың каналында тыңдау
- Самғар жолының әр кезеңіне сәйкес идеялар ұсыну
Келесі бөлімдер бірлесіп жазу (co-creation) тәсілімен жалғасады. Оқырман Самғардың өміріне әсер етіп, идея ұсынып болашағын шешеді. Алда шығатын кітаптардың жаңа қосымша авторлары болады.
Самғар күнделігі: Ердің жолы. Самғар Алматыға көшіп келіп, айтишник боламын деген үлкен өмірге қадам басады. Сол салада тәжірибе жинап, ақша табуға тырысады. Көптеген сынаққа тап болады. Алғашқы махабатты Айшамен қосыла ма? Ол да белгісіз.
Самғар күнделігі: Аманат. Отбасын құрған Самғардың алдында таңдау тұр: шетелдік IT компанияның ұсынысын қабылдап, басқа елде қалу немесе жергілікті мамандарды даярлау үшін Жаңаөзенге қайту. Отбасы, туған жері – аманат екенін түсінеді.