Тікелей эфир

"Біртуар" мен "Құлыншақ". Қазақ балалар не оқып жүр?

"Балалар әдебиеті жылында" жарыққа шыққан кітаптарға шолу.

2021 жылды президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Балалар әдебиеті жылы" деп жарияланған болатын. Ал биыл – "Балалар жылы". Мемлекет басшысы балаларға арнап жазатын, тым ауыр да, жауапты тақырыпты арқалайтын қаламгерлерге қолдау көрсетілуі керектігін баса айтқан еді. Осыған орай балаларға арналған жылда бүлдіршіндер қандай "базарлық" сыйға алды? 

Жарты ғасырдан кейінгі роман

Жазушы Сәуле Досжан былтыр күрес түрлерінен қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы роман жазды. "Біртуар" деген атпен кітап болып басылған кесек шығарма орыс тіліне, жуырда түрік тіліне аударылып, Түркияда тұсакесері өтті. Жазушы Сәуле Досжан даңқты балуанның өмірі қамтылған романы туралы өз жазбасында "Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арнап жазған романынан кейін мұндай кесек туынды жазылмапты" деп айтуы көп жайтты аңғартады. 

Жазушы Сәуле Досжанның "Біртуар" романы. Фото zhetysutv.kz сайтынан алынды

Қаламгер айтқандай, қазақ әдебиетінде Бердібек Соқпақбаевтың 1957 жылы жазған "Менің атым Қожа" романынан кейін балаларға арналған роман жазылмауы бұл саланың сан тарауы тұнған кем-кетік екенін әйгілей түседі.

"Алтын сақаның" 100 жауһары

Балалар жылындағы бір жаңалық ретінде "Алтын сақа" баспасы құрылғанын айтуға болады. Рас, бұған дейін де балалар әдебиетіне қатысты шығармаларды басып шығаратын, баспалар болған, әлі де бар. Дегенмен "Алтын сақа" баспасы 100 кітапты едел-жедел шығарып, тұсаукесерін жасап та жіберді. 

Балалар әдебиеті жылы аясында ашылған баспаның бас редакторы ақын Саят Қамшыгер бұдан былай да баспа балаларға рухани қазына, базарлықты көптеп жарыққа шығаратындарын айтты. Баспаның шығарған кітаптарының барлығы да заманауи үлігінің талаптарына толыққанды сай келеді. Әрбір тақырыпта жарық көрген кітаптардың бәрінде де QR коды бар. Кітаптың электронды нұсқасын осы кодты көшіру арқылы смартфоннан да оқи беруге болады. Аудио нұсқасын да тыңдаудың мүмкіндігі бар. 

"Алтын сақа" баспасы бір жылда балаларға арналған 100 кітап шығарды

Баспа шығарған кітаптар арасында "Әке мен бала", "Анам бәрін сезеді", "Сыйлық", "Анам екеуміз" деген атаумен басылған шығармалар бар. Бұлардың бәрінде де адамгершілік құндылықтарды әспеттеу, рухани тазару, ұлттық ерекшеліктерді дәріптеуге басымдық берілген. Жас өскін оқырман осындай кітаптарды оқу арқылы өзінің ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, таным көкжиегінде ұлттық құндылықтың қадір-қасиеті туралы да ақпараттарды жинайды. 


Оқи отырыңыз: "Әдебиет көшірмемен өспейді". "Тармақтар" әдеби жобасының жетекшісімен сұхбат


Балалардың жас ерекшелігіне қарай бүлдіршіндердің танымына сай боямақтар да басып шығарып, көпшілікке ұсынды. Олардың арасында "Асыл мұра", "Үй жануарлары", "Көкөністер", "Жемістер" деп аталатын боямақ кітапшаларға сұраныс артқан. "Жол ережелері", "Ауа райы", "Мамандықтар", "Көңіл күй" сынды танымдық бағытта жарық көрген кітаптардың да оқырманға берер тартуы мол. 

"Алтын сақа" баспасы әлем әдебиетінің озық туындысы саналатын балаларға арналған ертегілерді де қайтадан қазақ тілінде сөйлетіп, аудармаларды да жарыққа шығарды. Ганс Кристиан Андерсеннің бірнеше кітабын қазақ тіліне тәржімалап, көпшілкке ұсынды. Жалпы таралымы 2 мың данамен шыққан кітаптардың әлі де жеткіліксіздігі, шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, түкпірдегі аудан орталықтарындағы мектептердің кітапхана қорына түсе бермейтін кітаптардың сапасын нығайтумен қатар, санын да арттыру маңызды шаруа болып отыр.

"Qyr balasy-ның" қос "Құлыншағы"

Алматы облысы басшылығының қолдауымен балалар әдебиеті жылы аясында жарық көрген қос томдық "Құлыншақ" та балалар тақырыбына жаңа леп, жаңа тыныс ала келді. "Құлыншақ" – жетісулық балалар жазушыларының шығармаларынан құралған екі томдық антология. 

Алғашқы томына Жамбыл Жабаев, Ілияс Жансүгірұлы, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, Жәнібек Кәрбозин, Оспанхан Әубәкіров, Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баянбай, Сәкен Иманасов, Әли Ысқабай, Шәймерден Әлдибекұлы қатарлы аға буын қаламгерлерден бастау алатын 25 ақынның тақпақ, санамақ, өлең жыр, жұмбақтар енген. 

Ал ІІ том – әңгіме, ертегі хикаяттар топтамасына Бердібек Соқпақбаев, Құрманбай Толыбаев, Құдаш Мұқашев, Сейдахмет Бердіқұлов, Сайын Мұратбеков, Мұхаметжан Етекбаев, Шәкен Күмісбайұлы, Жанат Елшібек, Кәкен Қамзин, Тұрлыбек Мәмесейіт бастаған жазушылардың туындылары топтастырылыпты. 

Qyr balasy баспасынан шыққан "Құлыншақ" қос томдығы. Фото Baribar.kz сайтынан алынды

Әдеби антологияның жетекшісі Елдос Тоқтарбай "Құлыншақтың" ерекшелігі жөнінде оған Алматы облысында дүниеге келген 25 ақын, 25 жазушының туындылары жинақталғанын, кітаптың әр парағы бала психологиясына сай, позитив болуы үшін ашық түске боялғанын айтады.

"Құлыншақты" парақтағанда байқағанымыз – кітапқа енген шығармалардың мәтін түрімен бірге аудио нұсқасы да қоса ұсынылыпты. Оқырман өз қалауына қарай әрі тыңдарман да бола алатынын жинақтың ұтымды ерекшелігінің брі деп бағаладық. Сондай-ақ, антологияда ақын-жазушылардың өмірдерегіне қатысты "Керек 5 дерек", "Сен білесің бе?" сынды айдарлар бар.


Оқи отырыңыз: Қожа, Алиса, Джульетта. Әлемдегі әдебиет кейіпкерлеріне қойылған ескерткіштер


Кітаптың соңындағы әртүрлі форматта құрастырылған арнайы шығармашылық тапсырмалар, жас оқырмандарды кері байланысқа шақыру, қаламгерлердің портретінің қарындашпен салынуы – бәрі де жинақтың мазмұнын бай етіп тұр. Ал тілінде, сөйлеуінде кемістігі бар балаларға арналған логопедиялық жаңылтпаш, жұмбақтар қосылып, мәтіндегі кейбір күделі, қиын сөздердің түсіндірілуі құрастырушылардың жан-жақты, тыңғылықты дайындығын көрсетті.

Балаларды байытқан базарлық

Балалар әдебиетіне қосылған үлкен қазынаның кесегі – жазушы Байбота Қошым-Ноғайдың табанды еңбегінің арқасында "Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы" 10 том болып жарыққа шықты. Қаламгерлер мемлекет тарапынан қолдау көріп, көптеген кітаптар жарыққа шықты.

"Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы" он томдығы. Фото ruh.kz сайтынан алынды

Былтыр Нұрдәулет Ақыш, Шәкен Күмісбайұлы, Бейсембай Сүлейменов, Әлібек Файзуллаұлы, Әбділдәбек Салықбай, Сәуле Досжан, Ділдар Мамырбаева, Жаңабек Шағатай, Заря Жұманова, Серікбол Хасан сынды қабырғалы қаламгерлердің балалар тақырыбына жазған сом шығармалары жеке кітап болып басылды. Жеке авторлардан тыс, балаларға базарлық, кітап басу ісінде былтыр "Qasym баспа үйінің" ұжымы өте белсенді жұмыстар істеп, үлкен шаруаны еңсерді. Бұл баспаның қызметкерлері 60-қа тарта кітапты жарыққа шығарып, балғын оқырмандарға үлестірді. Бұл шығармалардың қай-қайсы да бүгінгі жас жуын оқырмандарды оқиға желісімен, баяндау тәсілімен, суреттеу сырымен өзіне баурап елітіп әкетері хақ.

"Бірақ, мұның бәрі де кем-кетіктің толыққанды бүтінделгені деген сөз емес. Ендігі уақытта саннан сапаға көшу мақсатында авторларға ұсыныс ретінде айта кететін негізгі мәселе – балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жазу. Бізде мұндай кітапшалар бар, бірақ тілі күрделі. Енді әріп танып келе жатқан балалар көп сөздің мағынасын ұқпай мүдіріп қалады", – дейді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, PhD Ерқанат Қуатбекұлы. 


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Әлем әдебиетін орыс тілінен аудару көркем шығарманың сапасын көтермейді


Соған орай, ол әр жас деңгейіне қарай күнделікті қолданыстағы сөздердің синонимдерін пайдалануға тырысса деген тілегін жеткізді. 

"Болмаса, көркем шығармалардың оқиғалар желісін ғана сақтап, бала тіліне лайықтап және қазақ тілін жетік білмейтін адамдарға бейімдеп шығармаларды өзгертетін орталық құрылса, құба-құп болар еді. Ондай орталықтарда автордың келісімін алу арқылы шығармаға өзгертулер енгізіліп, түзетіліп, мазмұны байытылып, үлкен сүзгіден өткеннен кейін ғана жарыққа шықса, сапа мәселесі ақсамас еді", – деді Ерқанат Қуатбекұлы.

Әдеби жыл қорытындысы қандай?

Қазақстан жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде өткен әдеби жыл қорытындысында балалар әдебиеті тақырыбына да айрықша көңіл бөлінді. Балаларға арналған өлеңдер жөнінде арнайы баяндама жасаған "Ақ желкен" журналының жауапты хатшысы Аслан Тілеген соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көретін балалар әдебиетінің   кітаптарына сұраныстың артқанын хабарлады. Баспалар да балаларға арналған кітаптарды алдымен басуға дағдыланып келе жатқанын айтты. 

Баяндама барысында ол былтыр балаларға арналған өлеңдер жинағы молынан басылғанына разылығын білірді. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – "Атамұра" баспасы басып шығарған "Балалар поэзиясының антологиясы". Антологияға 30 қаламгердің балаларға арнап жазған өлеңдері топтастырылған. Үш жүз беттен асатын антологиядан тек өлеңдерді ғана емес, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мазақтама, айтысты да табуға болады. 


Оқи отырыңыз: Ақберен Елгезек: Қазақ тіліндегі кітаптар дүкен бұрыштарында жетімсіреп тұрады


Аслан Тілеген антологияға балалар позиясына қомақты үлесін қосып, қалам тербеп жүрген кей қаламгерлердің енбей қалғанын да ескертті. Баяндамашының сөзінен аңғарғанымыз жекелеген авторлардың өлең жинақтары кітап болып басылып, елімізің бірнеше баспасынан жарыққа шықты. Дегенмен де насихаты кемшін соғып, өзінің облысының аумағынан аспай қалған, тамаша туындылардың да әлі тұсалып тұрғанынн қынжылыс білдірді:

"Мысалы, "Қызылордалық ақын Қуат Адистің "Дәрумендер дауасы" деген танымдық өлеңдер жинағы балаларға ғана емес, ересек оқырмандарға да дәрумендер туралы тың ақпаратты өлең шумақтары арқылы жеткізеді. Адам ағзасына қандай дәрумен қажеттігін дәлме-дәл берген". 

Жазушы Қуат Адистің "Дәрумендер дауасы" кітабы. Фото bilimdinews.kz сайтынан алынды

Қуат Адистің бұдан өзге жазған "Хайуанаттардың жыл басына таласуы" хикаяты, "Жабайы табиғатпен танысайық", "Төрт түліктің төлдері және балақай", "Дыбыстар әлемі" деп аталатын кітаптарының да танымдық өресі жоғары. Тіпті, бір-бір энциклопедиялық жинақ деуге де болады. Қаламгер қай шығармасын жазбасын ізденгенін, тақырыптарға үлкен дайындықпен келгенін паш етеді. Бір өкініштісі, осындай тамаша туындылар облыс деңгейінен аспай, республика оқырмандарына таралмай қалғаны. Келешекте Жазушылар одағының жанындағы балалар әдебиеті секциясы осы олқылықтың орнын толтырып, аймақтарға да сауын айтып, балалар әлеміне қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларды өңірлерден іздесе, кітабының шығуына мұрындық болса деген тілегін айтты.     

Баланың рухани байлығын арттыру мақсатында әдеби шығармалармен қорғанысын мықтап шегендеу ісінде әлі де атқарылар шаруа шаш-етектен. Бүгінгі қазақ әдебиетінің ертеңгі тірек орқырманына айналар буын осы балалар екенін ақын-жазушылар да, баспагерлер де, педагог мамандаы да әрқашан есінен шығармауы тиіс.

Материал автордың рұқсатымен Qazaqstan tarihy порталынан көшіріліп басылды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары