2025 жылы әлем халқының денсаулық жағдайы өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған жаңа есепте айтылған.
ДДСҰ мәліметінше, 2018 жылмен салыстырғанда негізгі медициналық қызметтерге қол жеткізіп, сонымен қатар емделу шығындарынан қаржылық күйзеліске ұшырамайтын адамдар саны 567 миллионға артқан. Сонымен қатар соңғы жылдары төтенше жағдайларға байланысты денсаулық қауіптерінен қорғалған адамдар саны 698 миллионға көбейген.
Ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, бұл жетістіктер – ұйым мен серіктес елдердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Ол бұл прогресті сақтап қалу үшін тұрақты қолдау мен инвестициялар қажет екенін айтты
ДДСҰ есебіне сәйкес, жаһандық денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың қысқаруына қарамастан, оң өзгерістерге қол жеткізілген. Бұған санитарлық жағдайдың жақсаруы, таза энергияны пайдалану, ауа ластануының азаюы, сондай-ақ темекі мен алкоголь тұтынудың төмендеуі ықпал етті.
Алайда сарапшылар бірқатар мәселелер әлі де өзекті екенін айтады. Атап айтқанда, жұқпалы аурулармен, соның ішінде АИТВ және туберкулезбен күресте ілгерілеу болғанымен, диабетті емдеу және қызылша ауруын бақылау бағыттарында елеулі олқылықтар сақталып отыр.
Бұдан бөлек, ауруларды ерте анықтау, төтенше жағдайларға әрекет ету және полиомиелитті толық жою секілді күрделі міндеттерде қиындықтар бар. Сарапшылар мұны, ең алдымен, қаржыландырудың жеткіліксіздігімен байланыстырып отыр.
USD:
464.9 / 467.7
EUR:
544.5 / 549.5
RUB:
6.03 / 6.15

