Тікелей эфир

Коронавирус індетінің құрбандарына тағзым. Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні қалай өтті?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бүкіл ел бойынша барлық мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Түнгі сағат 00.00-ден бастап Қазақстандағы барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Ал Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12.00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Ақорда резиденциясының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірнеше лауазымды тұлға коронавирус құрбандарын еске алды. Рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Президент әкімшілігінің басшысы Ералы Қошанов, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов қатысты. Құрбандарға тағзым шарасы республикалық арналардан тікелей эфирде көрсетілді.


Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғалармен Ақорда алдында

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғалармен Ақорда алдында / akorda.kz


Парламенттің Мәжіліс және Сенат төрағалары Нұрлан Нығматулин мен Мәулен Әшімбаев барлық депутаттық корпус атынан коронавирус індетінен қайтыс болған қазақстандықтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.


Нұрлан Нығматулин мен Мәулен Әшімбаев

Нұрлан Нығматулин мен Мәулен Әшімбаев / parlam.kz


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індетінен қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отырғанын, қауіпті індет тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатқанын атап өтті.

"Алапат дерт адам өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның ­– әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту хабарламасында.

Коронавируспен күресте көз жұмған медицина қызметкерлері

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус індетімен күрес жоллында қаза болған медицина қызметкерлерінің тізімін жариялады. Олардың қатарында медицина мамандары провизорлық, жұқпалы, карантиндік және модульдік стационарлардың қызметкерлері бар.

  • "Семей медицина университеті" КЕАҚ университеттік госпиталінің жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі (ШҚО) Бекжан Серікбосынұлы Бұланов, 1974 жылы туған;
  • Медицина ғылымдарының кандидаты, "Семей медицина университеті" КЕАҚ факультеттік терапия кафедрасының ассистенті, университеттік госпиталь гастроэнтерология бөлімінің дәрігері Нұргүл Рамазанқызы Бәркібаева, 1970 жылы туған;
  • Екібастұз қаласындағы №3 емхананы4 кіші медицина қызметкері Әйгерім Кәкімқызы Мұқашева, 1971 жылы туған;
  • Павлодар облысындағы "Поликлиника 1" ЖШС орта буын медицина қызметкері Гүлбаршын Хасенқызы Шәріпова, 1960 жылы туған;
  • "Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығ" ШЖҚ КМК орта буын медицина қызметкері Лошманова Ольга Васильевна, 1972 жылы туған;
  • Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, морфологиялық зерттеулер орталығының санитары (Алматы) Меркуленко Владимир Павлович, 1959 жылы туған;
  • Байғанин аудандық ауруханасының орта буын медицина қызметкері (Ақтөбе облысы) Егеубай Құлай, 1965 жылы туған;
  • ҚР ДСМ Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының (Қызылорда облысы) ШЖҚ РМК Арал обаға қарсы күрес станциясы филиалының дәрігері Айсауытов Болатбек Нақыбайұлы, 1968 жылы туған;
  • Ұзынағаш кенті орталық аудандық ауруханасының дәрігері (Алматы облысы) Алашбаев Бегалидин Байжонұлы, 1984 жылы туған;
  • "Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы" ШЖҚ МКК дәрігері (Ақмола облысы) Олег Николаевич Исаев, 1967 жылы туған;
  • ШЖҚ МКК Егіндікөл аудандық ауруханасы (Ақмола облысы) орта буын медицина қызметкері Байғабылова Сәуле Олжабайқызы, 1974 жылы туған;
  • Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Көпбейінді медициналық орталық" ШЖҚ МКК дәрігері Қожағалиев Олжабай Мұсаипұлы, 1959 жылы туған;
  • "№1 Қалалық клиникалық ауруханасы" ШЖҚ МКК хирург дәрігері Мәлібеков Жәнібек Жұмашұлы, 1967 жылы туған;
  • "Ұзынкөл аудандық ауруханасы" КМК кіші медицина қызметкерлері (Қостанай облысы) Макарова Тамара Георгиевна, 1978 жылы туған;
  • "Жітіқара аудандық ауруханасы" КМК № 9 мектебінің медбикесі (Қостанай облысы) Новоселова Елена Анатольевна, 1965 жылы туған;
  • №2 Атырау облыстық ауруханасының консультациялық-диагностикалық бөлімшесінің инфекционисі Дәулетов Жұмабек Бағытұлы, 1956 жылы туған (еңбек өтілі 38 жыл 10 ай);
  • Атырау облыстық кардиологиялық орталығының хатшысы Папугина Елена Яковлевна, 1963 жылы туған (еңбек өтілі 22 жыл);
  • Атырау облыстық ауруханасының рентгенолог дәрігері Сұлтанғалиев Ғадлет Мамбетжанұлы, 1954 жылы туған (еңбек өтілі 38 жыл 5 ай);
  • Алматы облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Баймұхамбетов Қайрат Қажыманұлы, 1964 жылы туған;
  • Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы Бұқар жырау аудандық ұйымдастыру-құқықтық жұмыс және мониторинг бөлімінің бас маманы Айжігітов Бақберген Сағымқожаұлы, 1963 жылы туған;
  • Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Қалалық диагностикалық орталық" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Эндоскопиялық диагностика орталығының меңгерушісі Күрекбаев Бауыржан Ордабекұлы, 1960 жылы туған;
  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық диагностикалық орталық" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Эндоскопиялық диагностика орталығының дәрігері Мамаев Қасым Махмудұлы, 1959 жылы туған;
  • Шымкенттегі "№2 қалалық аурухана" ШЖҚ МКК дәрігері Садиев Орынбасар Әліпбекұлы, 1950 жылы туған;
  • Шымкенттегі "Жедел медициналық жәрдем станциясы" ШЖҚ МКК фельдшері Әуелбаев Тимур Айдарханұлы, 1976 жылы туған;
  • Шымкенттегі "№1 Қалалық клиникалық ауруханасы« ШЖҚ МКК бөлім меңгерушісі Әбдіқұлова Мәриям Қабылбекқызы, 1966 жылы туған;
  • Шымкенттегі "№1 Қалалық клиникалық ауруханасы" ШЖҚ МКК аға медбикесі Байменова Гаухар Аштайқызы, 1970 жылы туған;
  • Шымкенттегі "№1 Қалалық емхана" ШЖҚ МКК бөлім меңгерушісі Тәжденова Ақзипа Насырқызы, 1962 жылы туған.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Карантин режимі тағы екі аптаға созылады, мұқтаждарға 42 500 теңге төленеді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қаза тапқан медицина қызметкерлерін еске алды.

"Осы күндері менің әріптестерім – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өмірден озды, мәңгілікке көз жұмды. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар мәңгі нағыз батыр болып қалады. Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін мен және менің әріптестеріміз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Біз біргеміз, пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Біз бұл қиындықты жұмыла отырып, жеңе алатынымызға сенімдімін", – деді министр.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін марқұм медицина қызметкерлерін арнайы наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" орденімен:

  • Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жанындағы "Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы" МКК бөлімше меңгерушісі Исаев Олег Николаевич (марқұм);
  • Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы" МКК бас дәрігері Қозбағаров Қалихан Есбосынұлы (марқұм) наградталды.

Ақтөбеде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаров денсаулық сақтау саласында 36 жыл жұмыс істеп, 2020 жылдың 10 шілдесінде пневмониядан қайтыс болды. Қазан айында ол 60 жасқа толар еді.

Дәрігер өзі басқарған ауруханада ем қабылдады.


Қалихан Қозбағаров

Қалихан Қозбағаров / diapazon.kz


"Ол өз ісіне адал болды. Коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастар жатқан бөлімшелерге барып, күніне екі рет аралап, әр адамның жағдайын уайымдады. Бірақ дәрігеріміз өзін құтқара алмады", – деп еске алды әріптестері.

Оқи отырыңыз: Жанардан кетсе де, жүрегімізде мәңгі қалады

Көкшетау қалалық ауруханасының анестезиология және реаниматология бөлімінің меңгерушісі Олег Исаев 2020 жылдың 10 шілдесінде 53 жасында өмірден өтті. 2000 жылдан бастап Көкшетау қалалық ауруханасында жұмыс істеп, 2006 жылдан бастап Анестезиология және реаниматология бөлімін басқарды.

Олег Исаев Қазақстанның ең үздік он анестезиолог-дәрігерінің қатарына кірді. Коронавируспен күрестің алғашқы күнінен бастап өзінің кәсіби борышын адал орындап, ауруханада күн сайын 12 сағаттан астам уақыт өткізіп, емделушілердің өмірін құтқарып қалды.


Олег Исаев

Олег Исаев


Барлық өңірлерде марқұмдарға бағышталып құран оқылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикалық, облыстық ірі-ірі мешіттерде және медреселерде, қарилар даярлау орталықтарында 100 (жүз) Құран Хатым оқылды.

Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 13.00-де осы Құран Хатымның дұғасы жасалды.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман қауымын осы күндері шама келгенше Құран оқып, Алланы зікір етіп, кешірім тілеп және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеп салауат айтып, республика имамдарымен, қариларымен 13 шілде күні бір мезетте ел амандығы үшін дұға жасауға шақырады", – делінген діни басқарма таратқан хабарламада.

Оқи отырыңыз: Covid-19 жұқтырып көз жұмғандарды жерлеу рәсімі. Қандай сақтық шаралары сақталуы керек?

Дәрігерлер қаза тапқан әріптестерін еске алды

Дәрігерлер бір минут үнсіздік кезінде қайтыс болған әріптестері мен науқастарын еске алып,көшеге шықты. Кейбір медицина қызметкерлерінің қолында қайтыс болған әріптестерінің портреттері бар. Басқа ауруханалардың медицина қызметкерлері де естелік акцияға қатысты.

Түркістан облысына қарайтын облыстық туберкулез диспансері қызметкерлері де коронавирустан көз жұмғандарды еске алып. көшеге шығып флешмоб жасады. Алайда әлеуметтік желіде тараған флешмоб видеосына наразылық танытқандар аз болмады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Шымкентте облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері қажетсіз бастама көрсетіп, аурухана ұжымын, дәрігерлер мен медбикелерді көшеге шығарды. Мұндай қиын уақытта дәрігерлерді тікелей міндеттерінен айыруды қылмыстық озбырлық деп санаймын", – деді Сәкен Қалқаманов.

Қазақстанда карантин тағы екі аптаға созылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда карантиннің шілде айының соңына дейін созылатынын мәлімдеді.
"Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең Үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді", – деп хабарлады президент Twitter желісінде.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары