Тікелей эфир

Қазақстанда 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Сурет ҚР Президентінің ресми сайтынан алынды
Сурет ҚР Президентінің ресми сайтынан алынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына телевизиялық үндеу жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын хабарлады.

"Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол, сондай-ақ, қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің бұл індетке тойтарыс беруге дайын болмағанына да тоқталды.

"Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз. Дегенмен, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен, "Әр қазақ – менің жалғызым" дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпарат таратудың жауапкершілігін тағы бір еске салды:

"Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды. Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі".

Мемлекет басшысының айтуынша, бүкіл ел бойынша екі апталық карантиннің жариялануы дұрыс шешім болды. Қазірдің өзінде жағдайдың тұрақтала бастағанының белгілерін байқауға болады.

"Мемлекет жағдайды тұрақтандыру үшін бірталай шараны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, алғашқы медициналық көмек жұмысы күшейтіліп, қазірге дейін 400 әмбебап мобильді бригада іске қосылды. Олар емделушілердің үйіне барып, кешенді медициналық қызмет көрсетеді. Шілде айының соңында мұндай бригадалардың саны 3,5 мыңға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауруханалардағы орындар санын көбейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мен тапсырма берген сәттен бастап, коронавирус жұқтырған науқастарға арналған орын саны 70 пайызға дейін өсіп, жалпы саны 43 мыңға жетті. Бұл іске әскери дәрігерлер де белсенді түрде жұмылдырылды. Әскери ресурс көмегімен науқастарға 500-ден астам орын ұсынылды.Вирус көп таралған қауіпті аймақтарда далалық жылжымалы госпитальдар ашылып жатыр. Оларға запастағы медицина қызметкерлерін тарту ісі белсенді түрде жүруде.Тестке қолжетімділікті арттыру мақсатында қазір жұмыс істеп тұрған зертханаларға қосымша 20 ПТР-талдау сатып алынуда. ПТР-тестілеу үшін 8 мобильді орталық құрылып жатыр. Оның ішінде ауылдық жерлер де бар.Осының барлығы тест санын тәулігіне 40 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік береді", – деді Президент.

Ол, сондай-ақ, халықты дәрі-дәрмекпен қамту ісінің де жақсарғанына тоқталды:

"Елге Қазақстанда тіркелмеген вирусқа қарсы дәрілерді бір рет әкелу процесі жеңілдетілді. Мұндай дәрілерді елге кіргізу туралы өтініштер 1 тәулік ішінде қаралады. Сондай-ақ, Covid-19 емдеуге арналған отандық тауар өндірушілердің жаңа дәрілерін тіркеу ісі де жеделдетілді. Осы шаралардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектің ауруханалар мен дәріханаларға барынша тез жеткізілуіне жағдай жасамақ. Үкімет пен әкімдер халықты қажетті дәрілермен қамтамасыз ету жұмысын жедел түрде қолға алды. Қазір стационарлардағы 30 мыңға жуық емделушіге арналған дәрілер сатып алынды. Стационарларда 18 мыңға жуық адам жатыр, демек, сатып алынған дәрі-дәрмек саны қажетті мөлшерден 70 пайызға көп. Бөлшек сауда желісіне қажетті дәрілер келіп түсе бастады. Атап айтқанда, 800 мың қаптама парацетамол әкелінді. Апта соңына дейін тағы 900 мың қаптама келеді деп күтіліп отыр. 150 мың қаптама антибиотик дәріханалар желісіне таратылды. Жақын күндері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешіледі".

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары