Тікелей эфир

Дәрігердің қатесін қай кезде кешіруге болады?

Фото huffingtonpost.com сайтынан алынды
Фото huffingtonpost.com сайтынан алынды
Соңғы үш жылда "дәрігердің қателігі" бойынша мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Аз ба? Денсаулық сақтау министірі неге қателескен дәрігерді кешіруге дайын?

Жуырда "Дәрігердің де қателесуге құқы бар" деген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың аузынан шыққан бірауыз сөз бұқараға жаға қоймады.

Министрдің айтпағы: "Онсызда тапшы кезде болмашы қателігі үшін қылмыстық жазаға тарта беретін болсақ, дәрігер болғысы келетіндер азайып кетеді. Сондықтан, дәрігер тарапынан салдыр-салақтық байқалса ғана жауапқа тартайық. Ал медициналық көмек көрсетіп жатқанда, қателік жасаса, кешірім бергеніміз дұрыс" – деген ой еді.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер ауру деп болжаған баланың сау туылатыны жиі кездеседі. Керісінше сау дегендерінің ауру болатыны қалай?


Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі

Елжан Біртанов – Денсаулық сақтау министрі / Фото express-k.kz сайтынан алынды


Министрдің сөзінің жаны бар, алайда шыбын жаныңыз мұрныңыздың ұшына келіп, шырылдап барған кезіңізде шарасыз маман ем-домын дұрыс жасамаса, қайтер едіңіз?

Заңда "дәрігердің қатесі" түсінігі бұрын болмаған

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынысты былай түсіндіреді:

– Қазақстан Республикасының нормативті құжаттарында "медициналық қате" мен "жайсыз жайттар" деген түсінік жоқ.

Жалпы әлемдік тәжірибеде медицина қызметкерлеріне алдын ала кінә тақпау үшін дәрігерлік қателерді "инцидент" немесе "жағымсыз жайттар" деп атайды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі.

Ал бізде "кәсіби міндетін дұрыс атқармау" деп айтылады. Бірақ, атауын қалай өзгертіп айтсақ та, мәселе бір. Кәсіби міндетін дұрыс атқармау, қателік емей немене?

Оқи отырыңыз: "Дәрігерлер салғырттығы үшін жауапқа тартылуы тиіс". Күдебаевтар әулетінің адвокаты істі сотқа жеткізуге бекініп отыр

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (БДСҰ) осындай инциденттерді есептеу жүйесін пайдалануға кеңес береді. Олар осы жүйе негізінде қателерді зерттеп, жою не болдырмау үшін нұсқаулықтар беру науқастардың қауіпсіздігін арттырады деп есептейді. Сонымен қатар, әлемде бірауыздан медициналық мекемелерде "қауіпсіздік мәдениетін" енгізуді қолдап отыр. Ол орын алған инциденттерді жазасынан қорықпай айтып отыруға, саралауға мүмкіндік береді делінген министрліктің жауабында.

Яғни, қателік жіберген дәрігерді жазалағаннан гөрі, жасаған қатесін неғұрлым жан-жақты әрі дер кезінде зерттеген тиімдірек. Келесі жолы бұл қателіктің қайталану мүмкіндігі төмендер еді. Осылайша науқастардың қауіпсіздігі артады.

Бүгінде республика бойынша медициналық көмектің сапасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қадағалайды.

Оқи отырыңыз: "Кесарево" кесе беру емес

Үш жылда мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған

"Дәрігер қателігі" Қылмыстық кодекстің 317-бабымен жазаланады. Ол "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" деп аталады.


Дәрігердің салғырттығы мен қателігін ажырата білу керек

Дәрігердің салғырттығы мен қателігін ажырата білу керек / Фото 1tulatv.ru сайтынан алынды


Денсаулық сақтау министрлігінің бізге ұсынған ресми мәліметіне сай, осы бап бойынша 2015 жылы – 476, 2016 жылы – 421, 2017 жылы – 176, соңғы үш жылда барлығы 1073 қылмыстық іс қозғалған.

Қарағандылықтар дәрігерді кінәлап отыр

Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды облыстық инфекциялық ауруханада Айзере есімді үш жасар қыз көз жұмды. Ол ауруханаға екі рет жатқызылған. Сәби бірінші жолы анасының талап етуімен емдеу орнынан үйіне шығарылған. Өйткені сәбидің анасы сапасыз медициналық қызметке шағымданған.

Оқи отырыңыз: Грантта оқыған жас дәрігерлер ауылдарға жіберіледі. Бас тартқандар оқу ақысын кері қайтарады

Кейін ауыр жағдайда жеткізілген балаға шұғыл түрде ем-дом жасалған. Алайда оны ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады.

Араға бірнеше күн салып, Қарағанды облысында тағы бір бала көз жұмды. Есімі – Аслан. Теміртау қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері баланың күрделі ішек ауруынан қайтыс болғанын айтады.

Бүлдіршіннің энтероколит дертінен қайтыс болғаны туралы алдын ала қорытынды шығарылғанымен, сот-медициналық сараптамасы әлі де жүргізілетін болады.

Мамандар бүлдіршіннің неден әлсіреп, ауруының неден асқынғанын нақты анықтауға тырысады. Ал дәрігерлердің бақылауында бола тұрып, қайтыс болған Асланның өліміне қатысты қызметтік тексеріс тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Еңбекке жарамсыздық парағы қалай рәсімделеді және форс-мажор болғанда не істеу керек?

Екеуінің де ата-анасы "сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетілмеді" деп, дәрігерлерді кінәлап отыр.

Тумай жатып анасыз қалды

29 қаңтарда Ақтөбедегі перзентханалардың бірінде 28 жасар әйел қайтыс болды. Күні жетіп отырған келіншекті босандыруға "ана мен бала" бөлімшесінің меңгерушісінің өзі кіріскен. Шұғыл ота жасалу керек болса да, өзі босануын күткен.

Әйелді босандырған дәрігер мен төтенше жағдай болған Ақтөбе облыстық ауруханасының басшысы қызметтерінен кетті. Бүгінде тәуелсіз комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

12 бала сары ауруға шалдыққан

ШҚО-да Үржар ауданының Шолпан ауылында "А" типті гепатит дертіне 12 баланың шалдыққаны жөнінде ақпарат жарияланған болатын. Аталмыш індеттің балалар арасында таралуына жол берген ауданның бас дәрігері қызметінен босатылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Шолпан ауылында қайтыс болған баланың вирустық дерттен көз жұмғанын растады.

Сараптама қорытындысына сай ол "А" гепатитіне шалдықпаған. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бала "Е" типті гепатиттен көз жұмған. Жандарбек Бекшиннің сөзіне қарағанда, өмірі қиылған қыз қараша айынан бері қадағалауда болса да, емдеуші дәрігерлер тарапынан салғырттыққа жол берілген. Оны Үржар аудандық ауруханасына апарарда ешқандай трансфузия (қан құю) жасамаған, оның үстіне бала жеңіл көлікпен жеткізілген.

Дәрігердің қатесін дәлелдеу қиын

Заңгер Нұра Өтебаева қай саланың қызметкері болсын, өз міндетін дұрыс орындай алмаса, жауапқа тартылуы керек деп есептейді.

– Бізде адамдардың керісінше медицинадан хабары аз болғандықтан, дер кезінде дәрігердің кінәсін дәлелдей алмай жатады. Сондықтан дәрігердің қателігі үшін жазасын күшейту керек, – дейді Нұра Өтебаева.

Заңгердің айтуынша, дерігердің қателігін дәлелдеу өте қиын. Ол үшін бүкіл берілген анықтама мен медициналық карталарды зерттеу керек. Ал олар болса, медициналық мекемеде сақталады. Бұл – бірінші кедергі.

Сонымен қатар дәрігер лазер- не физиотерапия тағайындайтын болса, пациент оның не үшін беріліп жатқанын егжей-тегжей сұрап, біле бермейді. Мысалы осындайдың салдарынан онкологиялық ауруларға шалдыққан азаматтар да болған.

Ал оны дәлелдеу үшін, көп зерттеу керек. Неге барды? Кімге барды? Жіберген кім? Лазерден өткенін растайтын дәлел керек. Көп жағдайда дәйек жетіспейді. Бұл – екінші кедергі.

Бұл жерде де біз – тұтынушымыз. Өз құқықтарымызды білуіміз керек. Ем-дом алып жатқанда, барлық түбіртек пен нұсқаулықтардың көшірмесін жасап, мұқият сақтап жүруіміз керек. Уақыт тығыз болса, не оған жағдай болмай жатса қазіргі гаджеттердің мүмкіндігін пайдаланып суретке түсіріп алыңыз. Осындай дәлелдеріңіз болса, сотқа жүгіне аласыз.

Дәрігер Қылмыстық кодекстің кез-келген бабымен жазаланады

Нұра Өтебаеваның айтуынша, адам өміріне нұқсан келтірген дәрігер Қылмыстық кодекстің кез-келген бабымен жазалана алады.

– 317 баптан ("Дәрігер қателігі") бөлек, нақты медицина қызметкерлері деп айтылмаса да, "Адам өміріне зиян келтірді" деген кез келген бапты алуға болады. Олар тек қарапайым адамдарға ғана емес, медицина қызметкерлеріне де қатысты, – дейді ол.

Жазаға келетін болсақ, егер денсаулыққа тиген зардабы аса ауыр болмаса, дәрігер қоғамдық жұмысқа тартылады. Белгілі бір мерзімге дейін қызметінен шеттетілуі мүмкін. Айыппұл төлейді. Науқас мүгедек болып қалса, дәрігер үш жылға дейін, ал өлімге соқтырса, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Емделушінің күдігі расталмаса...

– Егер емделушінің дәрігерге түсірген шағымы негізсіз болса, дәрігер "Жала жабу" бабы бойынша пациенттің үстінен шағым қалдыра алады, – дейді Нұра Өтебаева.

Айтуынша, Әкімшілік құқық бұзу бойынша "Жала жабу", ҚР Азаматтық кодексі бойынша "Моральдық зиянды өндіруді" баптарын қарастыруына болады.

"Біртановтан бұрын мен айтқанмын..."

"Амансаулық" – науқастардың құқығын қорғайтын қоғамдық қор. Кеңес телефон арқылы да беріледі. Қордың құрылғанына биыл 10 жыл.


Бақтылы Түменова 10 жыл дәрігер қызметін атқарған

Бақтылы Түменова 10 жыл дәрігер қызметін атқарған / Фото vlast.kz сайтынан алынды


– Осы уақыт ішінде 30 мыңға жуық адамға қол ұшымызды бердік. Бүгінге дейін Денсаулық сақтау саласында кездесетін проблемаларды зерттеп келеміз, – дейді "Амансаулық" қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова. – Ал дәрігердің қатесіне келер болсақ, Біртанов айтпай тұрып, осы мәселені талай рет қозғағанмын.

Қатені жіберетін дәрігер ғана емес...

Біріншіден, тек дәрігерді кінәлау дұрыс емес. Қатені медбике де, фельдшер де жібереді. Сондықтан "медицина саласындағы қателік" деп көтеру керек.

Екіншіден, әрбір мамандықта қате болады, сондықтан жәй ғана қателік үшін жауапқа тартуға болмайды. Ал егер дәрігер стандарт бойынша көмек көрсете алмаса, қолынан келе тұра ем-дом жасамаса, өз міндетіне немқұрайлы қараса жауапқа тартылуы керек.

Мысалы, жол апаты болды деп қарастырып көрейік. Оған кінәлі кім деп ойлайсыз, мүмкін жол жаман болған шығар. Мүмкін жүргізушінің кінәсі шығар. Тіпті, көлігі жарамсыз болуы, не бағдаршам істемей қалуы ықтимал ғой.

Қандай да бір өлім-жітім болса, не ауруы асқынса болды дәрігердің кінәсі деп ысырып тастаймыз. Ал олай болмаса ше? Ауру созылып кеткен болар, не өте сирек кездесетін кесел шығар. Кейде науқастар дәрігерге бармай өздері емделіп, жағдайды ушықтырады.

Медициналық істерді қарайтын арнайы сот керек

– Осының барлығын анықтау керек. Дәрігерлік комиссия ашық түрде тексеру жасау керек. Комиссия құрамына тек теорияны білетін ғана емес, өздері науқастарды емдеген, тәжірибелі дәрігерлер кіруі тиіс.

Екіншіден, осындай медициналық істерді қарайтын арнайы сот құру. Сонымен қатар, медицинаның стандартын түсінетін нақты осы сала бойынша білікті заңгерлер дайындауымыз керек.

Және медициналық қате түсінігіне ауқымды анықтама берілгені дұрыс. Әйтпесе қит етсе дәрігерді ғана кінәлап, бәрін шатастырып алдық.

Мысалы, бүгінде кейбір ата-ана балаларына жұқпалы ауруларға қарсы арнайы екпе (вакцина) салдырмайды. Ертең бір жұқпалы дертке шалдықса, кім жауапқа тартылады? Ата-ана ма, дәрігер ме? Жауапкершілік медицина қызметкеріне ғана емес, әр адамның өзіне де жүктелу тиіс, – дейді Бақыт Түменова.

Былтыр сегіз мыңға жуық түлек дәрігер мамандығын таңдады

Дәрігер мамандығын даярлау – оқыту бойынша ең ұзақ мерзімді болып есептеледі. Студенттер тек бакалавр дәрежесін алу үшін бес жыл оқиды. Бұл тек "Жалпы тəжірибелік дəрігер" атану үшін. Одан кейін бағыт-бағдарын анықтап, тағы екі жыл интернатураны оқиды. Ал салалық маман атану үшін тағы екі-үш жылын сарпуы керек. Жалпы айтар болсақ, он-он бір жыл оқуына тура келеді.

Осылайша өмірінің он жылын оқуға арнап, білікті маман атанғаннан кейін басын қатерге тігіп қызметіне кіріседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында 7885 түлек дәрігер болуды таңдады. Оның ішінде мемлекеттік грант бойынша – 3749, ақылы негізде – 4136 түлек оқуға түскен.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жалпы ҰБТ тапсырған 63,2 мың түлектің 32,5 мыңы мемлекеттік грант иегері атанған болатын. Яғни, былтыр ҰБТ тапсырған түлектердің шамамен 12 пайызы дәрігерлік жолды таңдаған.

Медициналық мекеме не қызметкердің тарапынан немқұрайлылыққа тап болсаңыз, арыз-шағымыңызды қалдыру үшін

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің сайтынан азаматтарды қабылдау мен өтініштерді қарау кестесі бойынша толық мәлімет ала аласыз.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің сенім телефоны: 74-27-12.

"Амансаулық" қоғамдық қорының мекен-жайы мен телефон нөмірлерін мына сайттан көре аласыз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары