Тікелей эфир

Грантта оқыған жас дәрігерлер ауылдарға жіберіледі. Бас тартқандар оқу ақысын кері қайтарады. Жаңалықтарға шолу

Saqtandyry жүйесі іске қосылады. Қандай мамандар жұмыссыз қалмайды?

Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы марапатталды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан "Охотзоопром" кәсіпорнының инспекторы Қаныш Нұртазиновты І дәрежелі "Айбын" орденімен, ал жарақат алып, ауруханаға түскен әріптесі Самат Оспановты ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың мектеп формасына 260 млн теңге бөлінеді

"Мектепке жол" акциясы аясында бөлінген бұл қаражатқа Алматы облысындағы 15 612 балаға мектеп формасын сатып әпереді. Қалалық білім беру басқармасының басшысы Г.Қожабергенованың айтуынша, 1-4 сынып оқушыларының мектеп формасының орташа бағасы – 15 мың теңге, 5-8 сынып оқушыларынікі – 18 мың теңге, 9-11 сынып оқушыларыныкі – 20 мың тұрады.

"Биыл бюджеттен бөлінген қаржыға 2-11 сынып оқушылары мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. 1-ші сыныптар тізімде жоқ. Оларды мектеп формасымен бөлек қамтамасыз етеміз", деп хабарлады білім бөлімінің басшысы. Айтқанындай, мектеп формасы биыл да бірегей қою көк түстен болмақ.

Шүкеев отандық ауылшаруашылық техникаларын өндірушілерді алаяқтарға теңеді

Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеев Бәйдібек ауданына жұмыс сапары кезінде ауылшаруашылығы кәсіпорындарының атқарып отырған жұмыстарымен танысты.

– Мен үнемі бізде ауылшаруашылығы техникаларын өндірушілердің жоқтығын айтамын. Трактор мен комбайнды бөліктерге бөліп, сырттан әкеледі. Осында жинайды, әрі мемлекеттен жеңілдіктер сұрайды. Бұлар – ақша тапқысы келетін алаяқтар. Қазіргі фермерлердің бәрі сапалы техниканың артықшылығын біледі. Оларды алдау мүмкін емес. Бізге олардың қиналмай, тыныш жұмыс істегені керек. Сонда ғана ауылдағы шаруашылық дамиды, – деді өңір басшысы. Осы орайда ол ауылшаруашылығы басқармасының басшысына аграрларға көрсетілетін көмекті бақылауға алуды тапсырды.

Saqtandyry жүйесі іске қосылады

Ол арқылы медициналық ұйымдар пациенттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылғанын не қамтылмағанын анықтай алады. Ақпараттық жүйе азаматтардың қорға аударған аударымдары мен жарналарының есебін жүргізеді. Онда көрсетілген мәліметтер негізінде әрбір азаматтың сақтандыру статусы белгілі болады.

"Айка" фильмінің продюсері Ұлттық киноны қолдау орталығын басқаратын болды

Кинопродюсер, режиссер, сценарист Гүлнәр Сәрсенова орталықтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ұлттық киноны қолдау орталығы биыл наурыз айында ғана құрылған. Ұйымның қызметінің негізгі бағыты – ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту болып белгіленген.

Министр кейбір мамандықтар бойынша резидентураға түсуге не себепті тыйым салынғанын түсіндірді

Қазақстандағы медициналық университеттердің интернатура бөлімін грантқа оқып бітірген түлектері Денсаулық сақтау министрлігіне наразылық білдіріп жатыр. Айтуларынша, министрлік биылдан бастап резидентураға мемлекеттік грант бөлу тәсілін өзгерткен.

Интернатураны грантқа бітіргендер 20 мамандық бойынша бұдан былай тіпті ақылы негізде резидентурада оқуын жалғастыра алмайды. Оның ішінде акушер-гинеколог, кардиохирург, уролог, балалар хирургі мамандықтары бар. Бұл туралы студенттерге резидентураға құжат тапсыру аяқталарға 2 күн қалғанда хабарлаған.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов: "Жаңа заңнамаға сәйкес интернатураны грантқа тәмамдағандар маман тапшы ауыл-аймақтарда үш жыл жұмыс істеуге міндетті" деп мәлімдеді. Ал, оқу ақысын мемлекетке қайтарған жағдайда олардың ауылда жұмыс істеуден бас тартуына болатыны белгілі болды. Стипендияны есепке алғанда бұл – орта есеппен 8 млн теңгеге тең сома.

Тоқаев Арыстағы апаттан халықты құтқару кезінде көзге түскендерді мараппаттауды тапсырды

Президент қабылдауына келген Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев Арыстағы әскери қалашықты қалпына келтіру жұмыстары жөнінде баяндады. Ведомство басшысының айтуынша, апатты аймақтағы әскери қоймалардан бүгінге дейін 3 мың тоннаға жуық оқ-дәрі қауіпсіз жерлерге шығарылған.

Қ.Тоқаев жарылыс салдарын жою жұмыстарын уақытылы атқаруды, сондай-ақ, апаттан қаза болғандарды, құтқару және қалпына келтіру жұмыстары кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мен тиісті қызмет өкілдерін марапаттауды тапсырды.

Алматы, Шымкент, Қызылордада қару сатқан қылмыстық топ ұсталды

"18 және 19 шілдеде Алматы және Шымкент қалаларында топ мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция өткізілді. Олардың кейбірі деструктивті діни ағымдарды ұстанушы және "ұрылар қауымдастығы" аталмыш өкілдерімен тұрақты байланысы бар адамдар" делінген ҰҚК таратқан хабарламада. Жасырын тергеу барысында 8 Калашников автоматы және 2 тапаншаны сату фактілері анықталған.

Тінту кезінде фигуранттардың бірінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша қолмен құрастыруға және қаруды қайта жасауға арналған станок пен құрал-саймандар табылған. "Қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан Республикасы аумағына қару әкелетін кезекті ірі арна жойылды" деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанның бірқатар өңірінде тағы да ескерту жарияланды. 26 шілдеде күндіз Қызылорда облысында 40°С аптап ыстық күтіледі. Кей жерлерде солтүстік-шығыстан күшті жел соғады. Қостанай облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түседі. Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, дауыл тұрады. Бұршақ жауады. Осы күні Орал қаласында найзағай жарқылдайды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 18 м/с дейін күшейеді.

Baq.kz: Тамыз айында қазақстандықтар неше күн демалады? Биыл Құрбан айттың бірінші күні 11 тамызға келіп тұр. Конституция күні жұмаға түсіп тұрғандықтан қазақстандықтар үш күн демалады. Яғни, 30-31 тамыз және 1 қыркүйек. Жалпы тамыз айында аптасына бес күн жұмыс істейтіндер он күн демалады.

Qamshy.kz: Қандай мамандар жұмыссыз қалмайды? Жұмыс берушілер арасында танымал мамандықтардың бестігін сату саласының мамандары, есепшілер, әкімшілік персоналдар (кеңсе-менеджері, хатшы), IT мамандар және маркетинг саласында тер төгіп жүргендер құрайды. Бүгінде адамдардың 60 пайызы оқыған мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Бірақ бір маманның орнын басқа мамандық иелері алмастырып жатқандықтан нарықта мамандардың артықтығы сезілмейді. Ал өз ісінің білгірлері мен таланттар барлық салада жетіспейді.

Серіктестер жаңалықтары