Тікелей эфир

"Жасыратын ештеңем жоқ". Ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдікке ілінген судья Светлана Жолманова мәлімдеме жасады

Ол тінту кезінде кабинетінен табылған 10 мың доллар үй алуға сақтап жүрген өз ақшасы екенін айтты.

28 сәуірде Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ҰҚК-нің Алматы бойынша департаменті Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолмановаға қатысты бірлескен тексеру жүргізгені белгілі болды. Тінту кезінде судьяның қызметтік кабинетінен 10 000 доллар табылғаны хабарланды. Нәтижесінде ҰҚКД ҚР ҚК-нің 190-бабы "аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық" бойынша судьяның үстінен сотқа дейінгі тергеуді бастағаны мәлім болды.

Қоғамда қызу талқыланған іске қатысты бүгін судья Светлана Жолманова түсініктеме берді. Медеу аудандық сотының судьясы ұсталмағанын және уақытша өкілеттігі тоқтылытып үйде отырғанын хабарлады. Ол алаяқтық бабы бойынша қозғалған қылмыстық іске тек куәгер ретінде қатысы барын айтты. Сондай-ақ, ол кабинетінен табылған 10 мың доллар өзінің несиеге үй алу мақсатында жинаған ақшасы екенін мәлімдеді.

"Бұған дейін әлеуметтік желіде хабарланған параны мен алған жоқпын. Менің үстімнен ешқандай да пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Кабинетімде табылған ақша өзімнің ақшам және қылмыстық іске еш қатысы жоқ. Сол күні ағам екеуіміз ол ақшаны "Отбасы" банкіне бастапқы жарна ретінде құйып, несиеге үй алып, қарт анамызды көшіріп әкелуді жоспарлап жүрген едік. Мені тінту кезінде де, кейін де ұстаған жоқ. Ешқандай сотқа дейінгі тергеу басталмады. Мен тек куәгермін. Менің пара алғаным туралы ақпараттың барлығы жалған және жала жабу болып табылады. Оның барлығы маған қысым жасау мақсатында жасалып жатыр", – деді Светлана Жоламанова.


Оқи отырыңыз: Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік: 51 сотталушыға үкім шықты


Сот жүйесінде 20 жылдан астам тәжірибесі бар судьяның айтуынша, оның кабинетін тінту Медеу аудандық сотының төрағасы Әсет Боранбаев пен Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайловпен арадағы қарсылығына байланысты жүргізілген. Себебі, Светлана Жоламанова "судьялар мен сот жүйесінің тәуелсіздігін қорғап, қос төрағаның заңсыз әрекеттеріне қарсы тұруым қудалау үшін негіз болды" деп есептейді. Сондай-ақ, ол ҰҚК-нің қызметкерлері алдап тінту жүргізгенін мәлімдеді. Әрі дәл бұл істі аталмыш органның өкілдері тергеуге алғаны қисынсыз.

"ҰҚК қызметкерлері кабинетіме табан асты кіріп келіп, мені шатастырды. Қолдарында тиісті сот санкциясы, бас прокурордың келісімі бар екенін айтты. Әлбетте оларға сеніп қалып, тінтуге еш қарсылық танытпадым. Өйткені өзіме сенімді болдым және еш қылмыс жасамағанымды біліп тұрдым. Қазір олардың мені алдағаны белгілі болды. Сондай-ақ, тінтуден кейін былтырғы тамыз айынан бері менің кабинетімде жасырын камера қойылып, барлық сөздерімнің тыңдлып келгені аян болды", – деді судья.


Оқи отырыңыз: Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі 14 мамырға дейін ұзартылды. Алайда оның жұмыс істеуіне рұқсат етілді


Светлана Жоламанованың айтуынша,  заң бойынша ҰҚК сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық туралы қылмыстық істерді тергемейді. Мұнымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысады. Сондай-ақ, арнайы прокурорлар мен кейбір жағдайларда полиция тергеу жүргізе алады. Бұл жағдайда ҰҚК істі басқа мемлекеттік органға тапсыруы керек еді деп есептейді ол.

"Судья ретінде мен мемлекеттің мүдделерін бұзбадым және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірген жоқпын. Сондықтан мен судьяларға қатысты барлық істерді тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген кезде, дәл менің жағдайымда не себепті Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс жүргізіп жатқанын түсінбеймін", – деді ол.

Дегенмен, бұл қылмыстық істің не себепті қозғалғаны әлі де анық емес. Светлана Жоламанова өзіне және адвокаттарына еш ақпарат берілмей жатқанынан алға тартты. Ал, судьяның қазіргі қорғаушыларының бірі Мақсат Рахметжанов оның кабинетіне жасырын камера қою еш қисынсыз екенін алға тартты. Себебі, кеңесу бөлмесінде судья үкім шығарады, ал ол үкім құпия болып қалуы тиіс еді.


Оқи отырыңыз: Елжан Біртанов: "Бостандықта жүрсем, елге көбірек пайдам тиер еді"


"Айтып кететін жағдай, конституциялық заңмен бекітілген "кеңесу бөлмесінің құпиясы". Анықталғандай, судья Жолманованың үкім шығаратын жұмыс бөлмесінде видеокамера орнатылғаны белгілі болды. Судьяның айтуынша ондай бақылау сегіз айдан артық жүргізілген. Демек, осы уақыттың ішінде тиісті тәртіп пен санкция берілмеген сыртқы бақылау жүргізілген. Мұндай әрекеттердің барлығы санкциямен немесе арнайы келісіммен жүргізілгендігі біз үшін әлі белгісіз. Ары қарай тергеу әрекетін жүргізу барысында анықталатын болады", – деді адвокат Мақсат Рахметжанов.

Мақсат Рахметжанов та пара беру және алаяқтықпен байланысты қылмыстар Ұлттық қауіпсіздік органдарымен тергелмейтінін атап өтті. Осыған байланысты ол қазір қорғау тарабы және Светлана Жоламанованың өзі ҚР Бас прокурорына өтініш беру арқылы тергеу реттілігін ауыстыру әрекетін жасайтынын жеткізді.

Серіктестер жаңалықтары