Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы ұзартылды. Тиісті өтінішті бүгін сотқа прокуратура өкілдері жолдаған болатын. Олардың айтуынша, Елжан Біртановтың қазіргі қамауға алу мерзімі сәуір айының соңында аяқталады. Соған сәйкес, Біртанов бостандықта жүрсе, тергеуге қысым көрсетуі мүмкін.
Судья экс-министрге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 14 мамырға дейін ұзарту туралы шешім шығарды. Дегенмен, оның үйден таңғы 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін шығуына және туыстарымен араласуына рұқсат етілді. Сондай-ақ, жұмыс істеп, мемлекетке пайдасын тигізуіне мүмкіндік берілді. Мұндай шешімді судья Біртановтың үй қамақта бұлтартпау шарасын еш бұзбағандығынан соң қабылдағанын жеткізді.
Сот барысында бұрынғы министрдің "Емдеу Групп" ЖШС-де жұмыс істеп жүргені белгілі болды.
Оқи отырыңыз:
- Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртановтың ісіне қатысты сот басталды
- Елжан Біртанов: "Бостандықта жүрсем, елге көбірек пайдам тиер еді"
Бұған дейін Біртановтың отбасы мүшелері мен адвокаттардан басқа адаммен сөйлесуіне толық тыйым салынған болатын. Экс-министр енді туыстарымен араласып, жұмыс істей алады. Десе де, тергеу әлі жалғасады. Тағылған айып өзгеріссіз қалды.
"Біртанов ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасап, яғни 526 225 351 теңге сомасында қаражат жымқырып, аса ірі мөлшерде мемлекетке материалдық залал келтірді деп күдіктелуде", – деді судья Ақмарал Исаева.
Айта кетсек, бүгін онлайн режимде өткен сот отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы судьядан өзін босатуды сұрады. Өйткені, ол пандемиямен күресте қоғамға көбірек пайда әкелетінін жеткізген болатын.
Наурыз айының соңында Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко "Астана" телеарнасына экс-министрдің денсаулығының нашарлағаны және соттың күдіктіні қамауға алу мерзімін негізсіз ұзартқаны туралы мәлімдеген болатын. Оның пікірінше, тергеу көптеген заңбұзушылықтармен өтіп жатыр. Атап айтқанда, әлі күнге дейін сандық медициналық платформаларды әзірлеумен айналысқан шетелдік компаниялардың өкілдерінен жауап алынғанбаған.
Еске сала кетсек, былтыр жазда Президент жарлығымен Елжан Біртанов қызметінен босатылған болатын. Кейін қараша айында оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Ізінше экс-министр үй қамаққа алынғаны хабарланды.