Тікелей эфир

Жеңілдетілген автонесие: Көлік бәріне жете ме?

Сарапшылар несие рәсімдегеннен кейін де көлік бағасы қымбаттап кетуі мүмкін екенін айтып отыр.

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жақындап келе жатқанымен, автосалондарда рәсімдеп, жүргізіп кететін көліктер аз. Индустрия министрлігі де, автобизнес қауымдастығы да ұсыныс сұранысқа сай болатынын мәлімдеді. Бірақ, бағасын айта алмады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ал автосарапшы Нұраддин Садық, отандық автокөліктердің бағасы қазіргіден екі есе төмен болуы керек екенін айтады. Сәуір айының соңына қарай нақты талаптары белгілі болатын жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы аясында көлік алғысы келетін азаматтар бірден салоннан темір тұлпарды мініп кете алмауы мүмкін. Көлікті алдын ала брондағанмен, баға несие рәсімдеп, көлік келгенше өзгеріп кетуі ықтимал.

"Егер баға өсіп кетсе, онда жеңілдетілген авто несие бағдарламасы бойынша қайта қарыз алуға өтініш беріп көруіңіз керек не болмаса айырымын қолма-қол төлеуге тура келеді. Негізі көлік жетпей қалады деген аса қорқыныш жоқ. Өйткені, қаңтар-ақпан айларынан бастап ай сайын 7 мың темір тұлпар құрастырылып жатыр", – деді автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов.

Автосарапшы Нұраддин Садықтың айтуынша, Индустрия министрлігі былтыр да 85 мың 300 отандық көлік құрастырылды деп жарияға жар салғанымен, оның тек 1,7 пайызы ғана негізгі құрастыру формасына сәйкес жасалған. Бұл – CKD, яғни ұсақ торапты құрастыру формасына жатады.

"Қалған 98,3 пайызы орысша айтқанда, "прикручивание колес". Яғни, 4 дөңгелегін салып, май-суын құйып, дыбыс бәсеңдеткішін байлап беру. Оны кез-келген ТЖО-да 100-150 мың теңгеге жасатуға болады. 6 жылда жеткен жетістігіміз осы болып тұр", – дейді Нұраддин Садық.


Оқи отырыңыз:


Сарапшы көлікті дәл осындай тәсілмен құрастырған зауыттар темір тұлпар бағасын төмендетуі керек деп есептейді. Ол кезде отандық көлікті несиеге алатын азаматтар екі есе аз шығындалады деп отыр. Ал индустрия министрлігі автобөлшектердің бағасы долларға байланған, сондықтан баға әлі де құбылуы мүмкін дейді.

"Доллардың қымбаттағаны бәрібір бағаға әсер етеді. Импорттық көліктердің құны екі есе шарықтап кетті. Біз отандық көліктің бағасын ұстап тұруға тырысып жатырмыз. Автосалонда көлік мүлдем жоқ дей алмаймыз, сұранысқа көп көліктерді әрине күте тұруға тура келеді", – дейді ИИДМ индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков.

Айта кетейік, жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша елімізде құрастырылған ең арзан көлікті автосалоннан алу үшін 3 жарым мен 6 миллион теңгеге қарыз рәсімдей аласыз. Ресми статистикаға сенсек, отандық жаңа көліктердің бағасы бір жылдың ішінде 12, импорттық темір тұлпарлар 16 пайызға қымбаттаған.

Серіктестер жаңалықтары