Шымкентте қолайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы инвестициялық жобалардың бірін дамытуға кедергі келтірмек болғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастыруда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында қала прокуратурасы "Шымкентцемент" ЖШС-ның өзекті кейсін қарады. Бұл инвестор 200-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңғыртуға 22 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйылған цемент өндіру бойынша ірі жобаны жүзеге асыруда. 2022 жылғы қарашада Компания АҚ-дан ЖШС-ге айналу арқылы қайта құрылды.
Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек: Ғылыми әзірлемелерден Қазақстан бюджетіне 6 млрд теңге түсті
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер өзгерген жағдайда келісімшартқа толықтыру жасалады, оны өтініш келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде әкімдік қарайды.
"Алайда бұл талапты бұза отырып, жыл бойы Шымкент қаласы әкімдігінің жайлы ортаны дамыту басқармасы инвестормен жер қойнауын өндіру бойынша қосымша келісім жасасуды созбалаңдыққа салған. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша әкімшілік кедергі жойылып, әкімдік цемент зауытымен келісім жасады, Жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім бастығы тәртіптік жауаптылыққа тартылды", – деп жазылған хабарламада.
Инвестициялық жобаны сүйемелдеу жалғасуда және прокуратура басшылығының бақылауында.