Қазақстанда туризм саласында жалпы құны шамамен 1,3 триллион теңге болатын 328 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құру және халықаралық стандарттарға сай келетін 25 жаңа қонақүй кешенін ашу жоспарланған.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1,25 триллион теңгеге жетіп, бір жылда 32,6%-ға өскен.
"2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келген. Оның 11,1 миллионы турист ретінде тіркелген. Шетелдік туристердің ел аумағында жұмсаған қаражатының жалпы көлемі 2,9 млрд долларды құраған. Ішкі туризм де өсім көрсетіп отыр. Ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтардың саны 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін артқан. Оқиғалы туризм де саланың қосымша драйверлерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. 2026 жылға арналған 55 негізгі іс-шарадан тұратын күнтізбе әзірленген", – делінген хабарламада.
Туристік инфрақұрылымды дамыту үшін биыл 11 мың шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Оның ішінде Рахман қайнарлары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай бағыттарына апаратын жолдар бар. Сонымен қатар Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр.
Жазғы туристік маусымда ел ішінде аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылған.